16.08.2025, 19:30

Әлемге әйгілі басылым Димаш Құдайберген жайлы мақала жариялады

Фото: dimashnews.com

"Орталық Азияның кең жазығында дүниеге келген оның қазақ болуы кездейсоқтық емес".

24 елде өкілдігі бар халықаралық Pressenza баспасөз агенттігі Димаш Құдайберген жайлы көлемді сараптамалық мақала жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. Бұл ақпаратты Dimashnews порталы жеткізді.

Pressenza – бейбітшілік, зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, қарусыздану, адам құқықтары және кемсітушілікпен күрес тақырыптарын қамтитын беделді басылым. Мұнда күн сайын ағылшын, испан, итальян, француз, португал, неміс, грек және каталон тілдерінде жаңалықтар шығады.

Канаданың Монреаль қаласынан шыққан автор Клаудиа Аранда өзінің «Әлем – оның киіз үйі: Димаш және поляризацияланған әлемдегі мәдени диалог архитектурасы» атты мақаласында қазақ әншісінің жаһандық деңгейдегі мәдени көпір орнатудағы рөліне тоқталған.

Автордың айтуынша, қазір өнер көбіне «фондық шудың» бір бөлігіне айналып кеткен. Осындай кезеңде жанрға да, тілге де, географияға да тәуелді емес әртістің пайда болуы – эстетикалық қана емес, этикалық құбылыс.

«Димаш сахнаға шыққанда ол тек ән айтып қоймайды, түрлі елден, тіпті бір-бірімен ешқашан жүздеспеген адамдарды бір ортаға жинап, концертті нағыз мәдени алаңға айналдырады», – деп жазады ол.

Көрермендері барлық континенттен жиналатын әншінің концерттері геосаяси қайшылықтар мен мәдени алалаушылықтарды артқа ысырып, шынайы өнердің бейтарап аумағына айналады. Оның дауысы – бейресми дипломатияның бір түрі, эмоциялар арқылы жүрекке жететін тіл.

Мақалада Димаштың қазақ мәдениетінің өкілі ретіндегі ерекшелігіне де тоқталған.

«Орталық Азияның кең жазығында, жылқыны қолға үйретіп, алғашқы алманы өсірген далада дүниеге келген оның қазақ болуы кездейсоқтық емес. Оның өнерінде мыңжылдық дәстүр мен қазіргі заман үндесіп жатыр. Қазақтың ауызша поэзиясы мен эпикалық жырларынан нәр алған әуендер оның үнінде тірі мұрағат болып таңбаланған», – дейді Аранда.

Сарапшының пайымынша, Димаш тек жанрларды өзгертетін орындаушы ғана емес, мәдениеттерді тоғыстыратын тұлға. Ол Қазақстанның даласы мен еуропалық опера театрларын, халықтық әуендер мен заманауи гармонияларды, эстрада мен камералық әндерді бір арнаға тоғыстырады.

«Димаштың өнері жеңіл қабылданатын музыкаға қарсы. Қазір көпшілік әнді бір жарым минуттан артық тыңдай алмайтын дәуірде ол тыңдаушыны әр дыбысқа терең үңілуге шақырады. Оның «Ave Maria» орындауын мысал ретінде алуға болады», – деп жазды автор.

Мақаланың түйіні: Димаштың өнері – халықтарды жақындастыратын әмбебап көпір. Оның әндері аударманы да, дипломатиялық келісімді де қажет етпейді. Өйткені интонация, фраза мен сахналық қимылдың өзі – адамзатқа ортақ тіл.