"Мені қайсар болуға жетелеген – інім".
Танымал актриса әрі кинопродюсер Дариға Бадықова көпшілікке белгісіз сырын бөлісіп, табысқа жету жолындағы басты құпиясын ашты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті.
«Мені қайсар болуға жетелеген – інім. Әр отбасында алға сүйрейтін бір бала болады ғой, біздің әулетте ол – менмін. Ортаншы перзентпін, менен кейінгі інім ауыр дертке шалдыққан. Дәрігерлер оған Бехтерев ауруы деген диагноз қойды. Сүйектері өте әлсіз болғандықтан, ай сайын арнайы белок алып отырады. Бұл дерттің асқынуына кезінде дұрыс ем жасалмағаны, қаржы тапшылығы себеп болды. 10 жасында аттан құлап, тізесін жарақаттаған еді, содан басталған сырқат бел-омыртқасына дейін жетті. Ресейлік мамандарға да көріндік, бірақ түбегейлі жазылмады. Қазір оған ай сайын шамамен 1 миллион теңгеге дәрі алып беремін. Биыл 38-ге толды. Қоларбаға таңылғысы келмейді, еңбекке жарамаса да, отбасылы, мінезі өте ашық, позитив жан», – деді актриса.
Бадықованың айтуынша, бауырының жағдайы оған әрқашан жігер беріп, сынбауға, табандылық танытуға үйреткен.
«Інімнің дерті маған күш береді. Өмір бойы еңбек етуден жалыққан жоқпын. Қай жерде той, мереке, іс-шара болса, бәріне қатысуға тырыстым. Саудамен де айналыстым. Інімнің маған сенімі мен көзқарасы үлкен демеу болды. Әкемнен кейінгі ер азамат болған соң, үйіне барған сайын қуанып қайтамын. Дастарханын жаюы, отбасының бірлігі, үйінің көркейгені – бәрі маған шабыт береді. Кейде дені сау адамдардың бос жүргенін көргенде, шын мәнінде ойланамын», – деп сөзін түйіндеді актриса.