27.08.2025, 13:40

«Үкілі тақияны аналар кимейді»: Қыздарының тойын дүркіретіп өткізген Баян Алагөзова сынға қалды

Фото: видеодан скриншот

"Тұрмыстағы әйелдер кимешек киген".

Соңғы күндері әлеуметтік желіде продюсер Баян Алагөзова мен кәсіпкер Тұрсен Алагөзовтің қыздарының тұсаукесер тойы қызу талқыға түсті. Журналист әрі қоғам белсендісі Гүлбану Әбенова мерекедегі олардың образына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Баян Алагөзова кішкентай қыздарының туған күнін ерекше сән-салтанатпен атап өтті. «Сыра королінің» қаржылық мүмкіндігі әсер етсе керек, мереке ауқымды деңгейде ұйымдастырылды. Бүлдіршіндер ұлттық киіммен көпшілікті тәнті етсе, ата-аналары да қазақы нақыштағы киім киген.

Алайда, тойдағы дәстүрге қатысты кейбір жайттар сынға ұшырады. Әбенованың айтуынша, төрт қыздың анасы әрі үш немеренің әжесі Баян үкілі тақия тағып шыққан. Қазақ салтында бұл бас киім жас қыздарға тән болса, тұрмыстағы әйелдер кимешек киген. Кимешек – аналықтың, жас ерекшеліктің әрі әлеуметтік мәртебенің белгісі саналады.

Сын тек Баянға ғана емес, оның жолдасына да айтылды. Тұрсен Алагөзов ұлттық шапан кигенмен, бас киімсіз болған. Белсендінің айтуынша, «Қарапайым тақияға шамасы жетпеді ме?» деген сұрақ туындайды. Сонымен қатар кәсіпкердің шапанының артына өз тегін жаздыруы да көпшіліктің назарын аудартқан.

Бұл жағдайға байланысты әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді: бір бөлігі дәстүрдің қатаң сақталуы қажет десе, екінші тарап Баянның «мәңгілік қыз бейнесін» заманауи тренд деп бағалауда.