"Реал Мадридтің" келуі елдің имиджі мен экономикасы үшін әлдеқайда маңызды.
Әнші Мирас Жүнісовтің алғашқы ірі стадиондық концерті жоспарлағандай өтпейтін болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Көптен күткен шоу Алматыдағы Орталық стадионда өтуі тиіс еді, алайда ұйымдастырушылар концертті кейінгі күнге шегеруге мәжбүр болғанын хабарлады. Басты себеп – «Реал Мадридтің» Қазақстанға келуіне байланысты стадионды уақытша босату қажеттігі. Футболдық шараға дайындық барысында аренаның сапасын сақтау үшін оған дейінгі барлық мәдени іс-шаралар тоқтатылуда. Ұйымдастырушылар сатып алынған билеттердің күшінде қалатынын мәлімдеп, көрермендерге алаңдамауға кеңес берді. Ал концерттің жаңа күні алдағы уақытта жарияланады.
«Біз сіздер үшін бұрынғыдан да жарқын әрі есте қаларлық шоу әзірлеп жатырмыз» – делінген ресми хабарламада.
Желі қолданушылары бұл жағдайды әртүрлі қабылдады. Бірі «жолы болмай тұр» деп әншіні аяп жатса, енді бірі «бәрі қайырлы болар, мүмкін бір сәтсіздіктен сақтап тұрған шығар» деген пікір білдірді.
Басқалары болса, «Реал Мадридтің» келуі елдің имиджі мен экономикасы үшін әлдеқайда маңызды» деген уәж айтып, стадионды футболға дайындауды құп көрді.
Дегенмен, Мирас үшін бұл үлкен соққы екені анық. Себебі ол алғаш рет стадионда ауқымды концерт өткізіп, тыңдармандарына есте қаларлық кеш сыйлағысы келген. Бірақ спорттық іс-шараға байланысты оның жоспары кейінге шегеріліп отыр.
Желіде пікір қалдырғандардың сөзімен айтсақ: «Дым жолы болмай тұр».