Әншінің пікірінше, баласына уақытын да, қаражатын да аямайтын ер азамат қана шынайы әке бола алады.
Әнші Мөлдір Әуелбекова әлеуметтік желідегі жазбасында алимент төлемей жүрген ер адамдарға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ол сот алдында алименттен жалтарып жүргендердің жауапқа тартылып жатқанын айта келе, шынайы әкелік қамқорлық ешқашан ақшаға байланып қалмайтынын атап өтті.
«Алимент төлемей қашып жүргендерді сот алдында тік тұрғызып жатыр дейді. Енді ойлап қоямын, алиментке беру керек пе еді? (әзіл). Жалпы, баласынан қашқанымен, Құдайдан қаша алмайтыны ақиқат қой. Нағыз ер азамат алиментсіз-ақ баласына қамқор болады. Қалғаны көп сөз – бос сөз. Бір тиын ақшасын, бір минут уақытын баласына қия алмаған еркексымақтарға күнімізді қаратпағанына шүкір! Алла ұлық!», – деп жазды ол.
Мөлдір Әуелбекова бұл ойымен көпшілікке үлгі боларлық тәрбие мен жауапкершілік жайлы еске салды. Ол балаларына дұрыс тәрбие беріп, оларға қамқор болу – әрбір ата-ананың басты міндеті екенін алға тартты.