29.09.2025, 12:40

«Қиналғанымды Қайраттан жасырдым»: Гүлзира Айдарбекова жан сырын ақтарды (ВИДЕО)

Фото: instagram.com/gulziraaidarbekova

Ол ұлының табысына жету жолында бастан кешкен қиындықтарын еске алды.

Танымал продюсер, әнші Қайрат Нұртас­тың анасы Гүлзира Айдарбекова жүрекжарды жазбасын жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол ұлының табысына жету жолында бастан кешкен қиындықтарын еске алды.

«Баяғыда әр қаланың көшелерін аралап, плакаттарымды үлкен сөмкеге салып алып, түннің бір уағында скотчпен, клеймен жабыстырып жүретінмін. Аязда қолым тоңып, жылап қайтқан күндерім де болды. Бірақ ешкімнен көмек сұраған жоқпын. Қайратты аяп қоймасын деп білдірмедім. Миымда тек ұлымның арманын орындау деген ой ғана болды», – дейді Айдарбекова.

Продюсер бүгінде еңбегінің жемісін көріп отырғанын айтып, Аллаға шүкірлік етті.

«Мейлі біреу мақтаншақ десін, бірақ менің қуанышымды жасыра алмаймын. Әрбір жетістігінде анасының еңбегі бар. Алла қабыл етіпті. Кім не десе де, тарихта қаларына сенімдімін», – деді ол.

Сондай-ақ Гүлзира ханым өткен күндерді еске алып, ата-анасы туралы да сыр шертті:

«Әкем ерте өмірден өтті. Анам жалғыз өзі сегіз баланы жеткізді. Алғаш жоғарғы оқу орнына түсе алмай ауылға барғанда, анам басымды тізесіне қойып: „Еңсеңді түсірме, Алла бақ берсін“ – деді. Сол сөзі құлағымнан кетпейді. Әр қуаныш сәтімде дәл сол дұға естіледі», – деп жазды ол.

Айдарбекова жазбасын көпшілікке ақ тілекпен аяқтады: «Баршаңызға да Алладан бақ тілеймін».