Көрермен көзайымына айналған «QAITADAN» киносының оқиға желісі, визуалы ерекше әсер қалдырады.
Қазақстан прокатындағы жаңа көшбасшы – режиссёр Думан Еркімбектің дебюттік толықметражды фильмі «QAITADAN» үш апта ішінде 1 млрд теңгеден астам табыс жинап, отандық кинопрокатта көш бастады. Әрі кино өндірісіне жұмсалған мемлекет қаражатын бес есеге артығымен ақтаған алғашқы жоба, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Көрермен көзайымы болған «QAITADAN» киносы оқиға желісімен ғана емес, визуалды қуатымен де баурайды. Бұл фильм – көркем шығарма ғана емес, шынайы сезімге негізделген, терең драмалық мазмұндағы туынды. Кино астарында қауіпсіздік, жауапкершілік пен бірлік жайлы терең ой тастайтын әрі жастарды достыққа, бауырмалдыққа жетелейтін тұстары бар. Әр диалог – бүгінгі қоғамға ой салады, әр көрініс – көрерменнің жүрегіне жақын.
Фильмде отбасы институты дәріптеліп, әлеуметтік жауапкершілік пен адамгершілік қағидаттары көрініс табады. Себебі өзіңді ғана емес, айналаңды, тіпті тұтас қоғамды құтқаруға ұмтылу – әр адамның міндеті.
«QAITADAN» - қазақ киносының жаңа белеске көтерілгенін көрсететін еңбектердің бірі. 2023 жылы питчинг жеңімпазы атанған бұл жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген болатын.
Кино – бекзат өнер. Қоғамда алар орны ерекше. Бүгінде Қазақстанның киноиндустриясы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жіті басшылығымен қарқынды дамып келеді. Бұл ұлттық контентті ілгерілетуге, тұрақты қолдау жүйесін қалыптастыруға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.
«Бұл – елімізде жас режиссёрлер мен дебюттік жобаларға нақты мүмкіндік беріліп отырғанының жарқын көрінісі. Режиссер Думан Еркімбек, продюсер Жалын Тілеуберген сынды жаңа толқынның бастауы. «QAITADAN» - осының айқын дәлелі. Мұндай сапалы жобаның халыққа кеңінен танылып, көрерменнің көңілінен шығуы жүйелі жұмысымыздың нәтижесі» - дейдіҰлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.