01.10.2025, 11:40

«Жұрттар қатырады»: Сәкен Майғазиевтің ұлы өзінің үстінен арыз жазғандарға жауап берді

Фото: видеодан скриншот

"Алу немесе алмау – әркімнің жеке таңдауы".

Әлеуметтік желіде қазақстандық әншілер Нұрлан Еспанов пен Сәкен Майғазиевтің ұлдары «Қайрат» – «Реал» матчының билеттерін қымбат бағамен қайта сатқаны туралы ақпарат қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Осыған байланысты Сәкен Майғазиевтің ұлы Әділет әлеуметтік желіде түсініктеме берді. Оның айтуынша, ол өзі билет сатпаған, тек досының өтініші бойынша парақшасына жариялап берген.

“Жұрттың әңгімесі қызық екен. Мен жеке өзім ешқандай билет сатпаймын. Жақын досым сұраған соң парақшама салып қойғаным рас. Бұл билеттер қарапайым сатылымда болмаған, олар “шақырту билеттері”.

Алу немесе алмау – әркімнің жеке таңдауы. Бұл нан не су емес, “алмасақ болмайды” дейтін дүние емес қой. Өз басым 100 мыңға да алмайтын едім. Бірақ әркімнің қызығушылығы әртүрлі, яғни біреу үшін билет қымбат, біреу үшін арзан көрінуі мүмкін. Егер бағасы сізге тиімсіз болса, сатып алмауға да болады”, – деп жазды Әділет.