08.11.2025, 16:30

«Жамандық тілеуге хақым жоқ»: Мөлдір Мұқан Тұрсынбек жайлы күтпеген мәлімдеме жасады

Фото: видеодан скриншот

"Менің шығармашылығым хайп үшін емес, тіршілік үшін".

Танымал продюсер Мөлдір Мұқанова журналист Жанар Байсемізге берген ашық сұхбатынан кейін желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Кейде өміріңнің бір сәті бүкіл елдің әңгімесіне айналып кетеді екен... Қоғамдағы дүмпудің ортасында қалдым. Подкасттан шыққанда өзім жеңілдеп, жүрегімдегі мұз еріп, рахаттанған едім. Бірақ эфирге шыққаннан кейін сезімдерім мың құбылды. Қолдаған жылы сөздер мен пікірлер – жүрегіме жылу берді. Рақмет, достар! Әсіресе, психологтар мен сарапшылардың қолдауына ерекше алғыс білдіремін. Бірақ мен ол сұхбатқа біреуге бойкот жариялау немесе хайп үшін барған жоқпын. Ешкімге зиян тигізгім келмеді», – деп жазды ол Instagram парақшасында.

Продюсер ер адамның сатқындығынан қатты күйзеліске түскенін де жасырмады.

«Жүрегім жылап тұрса да, сырттай күліп, жарамды елден жасыруға көп күш жұмсадым. Бірақ ер адамдарға деген құрметім азайған жоқ. Өйткені олар барда біз әйелміз, нәзікпіз. Қазір менің бір ғана мақсатым бар – өзімді және бес баламды асырау. Менің шығармашылығым хайп үшін емес, тіршілік үшін. Өтінемін, түк кінәсі жоқ балалардың жүрегін ауыртпаңыздар», – деді ол.

Мөлдір Мұқанова 22 жылдық некенің өзіне өмірлік сабақ бергенін және бұл уақытты еш өкінбей қабылдайтынын айтты.

«Подкастта 21 жыл деп шатасыппын. Шын мәнінде, 22 жыл бірге өмір сүрдік. Бұл жылдар мені мықты етті, ана етті. Бақытты жар болғанымды да жоққа шығармаймын. Бірақ үмітпен өмір сүріп, шешім күтумен 14 жыл өте шыққан. Балаларымның әкесі – өмірімнің бір бөлігі. Қандай жағдай болса да, балалар бәрібір арамызға көпір болып қала береді», – деп жазды продюсер.

Ол сұхбаттан кейін ел арасында ең көп қойылған «Ажырасқаныңыз рас па?» деген сұраққа да нүкте қойды.

«Иә, өмірде одан да ауыр күндер өткен. Бұл да өтеді. Ажырасқан отбасы көп қой, бірақ неге дәл біздің жағдай осылай талқыланды? Себебі менің жағдайымда әйелдер өз жарасын көрді. Дайректке жазған әр хаттан түсіндім – опасыздық көрген әйел өте көп. Мен ашық айтқан соң, сол ортақ жараны қоғам боп тырнап алды... Бірақ өмір жалғасады. Бәріңізге рахмет! Аналар да, балалар да жыламасын!», – деп түйіндеді Мөлдір Мұқан.