Обал екен.
Желіде әнші Бейбіт Сейдуалиеваның әлемдік деңгейдегі дауыс иесі Уитни Хьюстонның әнін нақышына келтіре орындаған ескі видеосы кең тарады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бейнежазбаны қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы жариялаған.
Оның айтуынша, бұл бейне жасанды интеллект дәуіріне дейін түсірілген, ал Бейбіттің дауысы тіпті Хьюстонды еске түсіреді.
«Бұл әнші қыздың талантын күйеуі тұмшалап қойған сияқты… Обал екен. Марқұм Уитни Хьюстонның өзін тыңдағандай болдым. Тек “ЖИ” демеңдер — видео жасанды интеллекттен бұрын түсірілгені анық. Бір кезде Silkbirdene сайысында Димашты “бағалаған” сарапшы әйел екі жас әншіні тұқыртып жатқанын көріп, оларды аяғам. Күйеуі маған ренжіп, ұрмұқасан жібермесе болды. Менің постымнан кейін Милан операсы шақырмаса да, тойдағы гонорары өседі», — деп жазды Өмір Шыныбекұлы.
Желі қолданушылары да өнер иесінің дауысына ерекше таңданыс білдірді.
Көпшілік Бейбіттің табиғи дарынын жоғары бағалап, түрлі пікірлер қалдырды:
«Бейбіттің ондай потенциалы болғаны рас».
«Көп әйел талантын үй, бала-шаға үшін құрбан етеді. Кейін өз мүмкіндігін пайдаланғысы келсе, “құтырған қатын” атанып шыға келеді».
«Бейбіт өте мықты әнші. Қазір бақытты ана, бақытты жар болып жүргеніне шүкір. Бірақ мына дауыспен әлемдік деңгейге шығуға болар еді».
«Ауылдың тойына он бес жасында келіп ән айтқанын көргенмін. Өте сүйкімді, өте талантты еді. Бұл дауыстың үлкен сахнада жарқырамағаны — өкініш».
Кейбір желі қолданушылары Тоқтар мен Бейбіттің шығармашылық мүмкіндіктеріне де тоқталып, Бейбіттің вокалдық деңгейі әлдеқайда жоғары екенін, оған мүмкіндік жасалса, басқа биіктерді бағындыра алатынын атап өтті.