Әйелдердің беделі жайлы сөйлепсіз.
Өзбекстанның танымал әншісі Юлдуз Усманова ажырасқан әйелдерге қатысты айтқан пікірінен кейін қоғамның өткір сынына ұшырады. «Өзбек эстрадасының примадоннасы» атанған өнер иесінің сөзі әйелдер қауымының наразылығын тудырды, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
Әншінің айтуынша, ажырасқаннан кейін кейбір ер адамдар қадірсіз болып, бойдақ немесе жесір әйелдерге «жабысады». Осы ойын жеткізу барысында Усманова ажырасқан әйелдерді тұрмыстық заттарға теңеп, анайы әрі орынсыз метафора қолданған.
«Ерден ажырасқан әйелдерге кім көрінген келіп тиіседі. Әйелдер өздеріңізді құрметтеңіздер. Ерің болғаны жақсы», – деген мазмұнда пікір білдірді әнші.
Алайда бұл сөздер желі қолданушыларының ашуын туғызды. Көпшілік мұндай теңеуді әйелдің абыройын қорлау деп бағалап, Усманованы қатты сынға алды. Кейбір оқырмандар әншінің жеке өміріне қатысты пікір білдіріп, оның көзқарасымен келіспейтінін ашық жазды.
«Сіз барлық еркектерді бірдей бағалап отырсыз. Әйел беделі туралы сөйлеу үшін алдымен өз сөзіңізге жауап беру керек», – деп жазды желі қолданушылары.
Даулы пікірден кейін Юлдуз Усманова тарапынан әзірге ресми түсініктеме берілген жоқ.