$ 517.66  606.49  6.44

«Көзім түсті... бірақ бір руданбыз»: Асанәлі Әшімов «Қыз Жібек» туралы шындықпен бөлісті (ВИДЕО)

Актердің айтуынша, оқиға 1968 жылы, фильмге дайындық басталған тұста өрбіген.

Коллаж: sn.kz
Коллаж: sn.kz

Қазақ кино өнерінің ақсақалы Асанәлі Әшімов әйгілі "Қыз Жібек" фильмінің басты кейіпкерлерін сомдаған Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешева арасындағы шынайы сезім қалай басталғанын баяндады, деп хабарлайды  Sn.kz ақпарат порталы Malim.kz-ке сілтеме жасап.

Актердің айтуынша, оқиға 1968 жылы, фильмге дайындық басталған тұста өрбіген. Ол кезде Құман мен Меруерт мектепті енді ғана аяқтаған, жастары 16-17 шамасында екен.

"1968 жыл. Айтты ғой, мектеп бітірген жоқ әлі. 10 сыныпты бітіріп, 16-дан 17 жасқа шығатын кезі ғой. Біз фильмге дайындықты ипподромда бастадық. Барлығымыз сонда болдық, Ғабит Мүсіреповтің өзі келді. Жап-жас жігітпіз ғой ол кезде, Меруертті алғаш көргенде бәріміз де көз салдық. Сөйтсек, екеуміз қыз алыспайтын бір рудан екенбіз. Сосын біз Әнуар (Әнуар Молдабекова – ред.) екеуміз Құманға (Құман Тастанбеков – ред.) көмектестік қой. Бірақ бастапқыда Меруерт аса ұнатпай жүрді. Сосын жайлап жақындасты, танысты, тілдесті. Ақырында "Қыз Жібектің" бітер кезінде екеуін үйлендіріп, той жасадық. Мен тамада болдым. Өкінішке қарай, қазір "Қыз Жібектен" тек Меруерт екеуміз ғана қалдық", – деді Асанәлі Әшімов.

1970 жылы Қазақфильм студиясында түсірілген "Қыз Жібек" фильмі – қазақ киносының классикасына айналған туынды. Режиссері – Сұлтанахмет Қожықов, сценарийін Ғабит Мүсірепов жазған. Фильм екі бөлімнен тұрады және қазақтың лиро-эпостық жыры негізінде түсірілген.

Картинада Төлеген мен Жібектің махаббаты, Бекежанның қызғанышы, ел тағдыры, ерлік пен опасыздық сияқты мәңгілік тақырыптар терең суреттеледі. Басты рөлдерде Меруерт Өтекешева (Жібек), Құман Тастанбеков (Төлеген) және Асанәлі Әшімов (Бекежан) ойнады. Композитор Нұрғиса Тілендиевтің музыкасы фильмнің көркемдік қуатын одан әрі арттырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 6
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары