23.12.2025, 10:40

«Көңілді келді»: Тележүргізуші Асанәлі Әшімовтің соңғы сұхбаты туралы айтты (ВИДЕО)

Фото: видеодан скрин

Ғалымжан Кеңшілік актердің соңғы сұхбатының қаншалықты сәтті шыққаны туралы ұзақ ойланғанын айтты. 

Тележүргізуші Ғалымжан Кеңшілік өмірден өткен Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтен алған соңғы сұхбаты туралы жазба жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Ғалымжан Кеңшілік актердің соңғы сұхбатының қаншалықты сәтті шыққаны туралы ұзақ ойланғанын айтты. 

«Ағаның қайтқанын ауыр қабылдадым. Себебі, бұл соңғы сұхбаты болыпты...

Бұл сұхбат өткен жексенбіде жазылды. Әдеттегідей түнгі тікелей эфирде емес, ағаның уақытына ыңғайлап, күндіз таспалап алдық. Көңілді келді, "студияң әдемі екен" деп сүйсініп отырғанда сұхбатты бастап кеттік.

Бүкіл 1001tuntv командасы ерекше дайындалдық. Әсіресе сценарист Нұрлыбек екеуміз қатты уайымдадық. Ағаның өресіне сай, биік болмысын аласартып алмайтын дүние жасауға тырыстық.

Дайын шығарылымды жұма күні эфирге шығардық. Ал кеше суық хабар келді.

Соңғы сұхбаты... Ғасыр адамның ғұмырындағы соңғы сұхбаты деп сақталатын тарихқа лайық болдық па? – деп көп ойландым. Содан Асанәлі абыздың осы пікірін еске түсіріп, еріксіз толғандым...

Алла алдынан жарылқасын», – деп жазды тележүргізуші.