"Ішімнің ақ екенін біліп, өз таңдауымнан таймадым".
Қазақ киносының майталманы, аңыз адам Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімова 2021 жылы Stan.kz порталына берген сұхбатында көпшілік біле бермейтін жайттарды айтып, ұлы тұлғаның күрделі де ауыр тағдыр жолы туралы ашық сыр бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өзінің сұхбатында Бағдат ханым қалай танысқандарын және қалай шаңырақ көтергендерін айтып берді. Айтуынша Асанәлі атамыздай ұлы тұлғаға өызмет етуді шын ниетімен қалаған. Оны үлкен бақыт санайды.
"Асекеңнің отбасында бес адам болыпты: анасы, жары және екі ұлы. Біздің ауруханаға емделуге келген сәтінде ол ең жақын жандары — жары мен қос ұлынан айырылып, соңғы жұбанышы болған анасын да жер қойнына тапсырған кез екен. Анасының қырқын өткізіп келіп, ауруханаға жатқанына бірінші рет сол кезде куә болдым.
Оны алғаш дәлізде көріп қалғаннан кейін, Асекең мені жиі іздеп, халімді сұрап жүретін болды. Бір күні қасына шақырып алып, маған «Жан бөлек» атты кітабын сыйлады. Кітапты оқып отырып, «осы кісіні бақытты ете алар ма едім?» деп ойға қалдым. Біраз уақыттан соң ол маған бірге болуды ұсынып, серігің болуға лайықсың дегенде, таңырқап барып әрең есімді жиғанмын. Үйдегілермен ақылдасайын деп рұқсат сұрадым. Анам бірден қарсы шықты. Ағам да бастапқыда қабылдай алмады, тіпті қатты ашуланғаны есімде. Әкем ғана үндемеді.
Үйдегілердің осындай реакциясынан кейін бұл ұсынысты қабылдай алмайтынымды түсіндім. Асекеңе хабарласып, ойымнан қайтқанымды айттым. Ол болса, уақыт бәріне емші, асықпайық деді. Ертеңінде ауылға қайтарда анам тағы да «ол кісі өте қатал, сен оған қалай қамқор боласың?» деп қарсы екенін білдіріп отырды.
Дегенмен, уақыт өте келе ата-анаммен қайта сөйлесіп, Асекеңмен бірге болуға шешім қабылдағанымды айттым. Бұл жолы олар баталарын берді. Сөйтіп, шағын ғана той жасап, отбасын құрдық.
Үйден ұзатылмай тұрып-ақ, Асекең мені әртүрлі жиын-кездесулерге ертіп баратын. Сол жерде сынай қарағандар да, таңырқай қарағандар да, менсінбегендер де болды. Бірақ мен елдің сөзіне құлақ аспадым. «Асанәлі атақты, соның атағына қызықты, жағдайын жасау үшін қосылды» деген әңгімелер де тарап кетті. Соған қарамастан, ішімнің ақ екенін біліп, өз таңдауымнан таймадым", - дедйі ол.