$ 511  602.72  6.49

«7 жасымда бұйырған бақ»: Толқын Забирова Бауыржан Момышұлымен кездескенін айтты (ФОТО)

"Бауыржан атамыздың туған күніне қатыстым".

Коллаж: SN.kz
Коллаж: SN.kz

Танымал әнші Толқын Забирова даңқты қолбасшы, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының туған күніне қатысқан сәтін еске алып, әсерлі жазбасын жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Бүгін — Бауыржан Момышұлы атамыздың дүние есігін ашқан күн. Ол — Ұлы Жеңістің даңқты батыры, ел рухының белгісіне айналған тұлға. Бұл күн мен үшін аса қымбат.
Себебі бала күнімде, шамамен жеті-сегіз жасымда, тағдыр маған ерекше мүмкіндік сыйлады — Бауыржан атамыздың туған күніне қатыстым. Бұған ең алдымен нағашы әжем себеп болды. Әжем өте білімді, мінезі нық, шығармашылыққа жақын жан еді. Сол үшін де үлкен тұлғалар оны ерекше құрметтейтін.

Ол күн көз алдымда: үлкен зал, ұзыннан жайылған дастархан, айналаға жиналған танымал азаматтар. Біз кіргенде Бауыржан атамыз орнынан тұрып, әжемді қарсы алып, қолынан ұстап, төрге дейін шығарып, қасына отырғызды. Мен де әжемнің жанында болдым. Әжемнің атамызға арнап жазған өлеңі бар еді, соны сөмкесіне салып қоюымды өтінген, бірақ бала көңілмен ұмытып кетіппін. Соған қарамастан, әжем қысылып қалмай, шабытпен суырып салып өлең оқыды. Залда отырғандардың барлығы риза болып, ду қол шапалақтағаны әлі есімде», — деп жазды әнші.

Толқын Забирова сол бір сәттерді сағынышпен еске алатынын да айтты.

«Бүгін сол күндерді ерекше іңкәрлікпен есіме аламын. Бауыржан атамыз арамызда болмаса да, оның ерлігі мен рухани мұрасы — мәңгілік. Бүгінгі тыныш өміріміз бен еркіндігіміз — осындай батырлардың арқасы. Ұлы тұлғалар ешқашан ұмытылмайды. Еліңіз сізді әрдайым құрметпен еске алады», — деді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары