"Қымбат көлік те, элиталы үй де жоқ".
Астанада Қылмыстық істер жөніндегі аралық сотта баласының еміне деп халықтан ақша жинады деген ерлі-зайыптыға қатысты сот процесі аяқталуға жақын, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Олар қайырымдылықты желеу етіп, алаяқтық жасады деген күдікпен айыпталуда.
Сот отырысында Толқын Тотаканова ұлының ауыр диагнозы медициналық құжаттармен расталғанын айтты. Оның сөзінше, қаражат жинауға арналған қор ашық түрде жүргізілген, ал көмек көрсеткен азаматтар ақшаны ерікті түрде аударған.
«Мені Перизат Қайратпен салыстырып жатыр, бірақ мен ешқашан сән-салтанатты өмір сүрген емеспін. Банкте кепілде тұрған екі бөлмелі пәтеріміз бар. Қымбат көлік те, элиталы үй де жоқ. Мұның бәрі — тергеу органдарының жорамалдары», — деді ол.
Сотталушы сондай-ақ несие берушілер тарапынан қысым болғанын айтып, бірнеше жыл ішінде олардан 700 миллион теңгеден астам қаражат алған деген айыппен келіспейтінін жеткізді.
Мемлекеттік айыптаушы ерлі-зайыптыны жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сонымен қатар Толқын Тотаканованың кәмелетке толмаған баласына байланысты жазасын екі жылға кейінге шегеру мүмкіндігі қарастырылуда.
Тергеу деректеріне сүйенсек, 2020–2024 жылдар аралығында күдіктілер Instagram әлеуметтік желісі арқылы бір миллиард теңгеден астам қаражат жинап, оны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Бұл дерек расталса, олар жеті жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.
Айта кетейік, биыл шілде айында Қаржы мониторингі агенттігі аталған ерлі-зайыптыға қатысты тергеу басталғанын мәлімдеген еді. Агенттіктің ақпаратынша, олар баласын емдеу мақсатында қазақстандықтардан шамамен 1,3 миллиард теңге жинаған. Тергеу органдары бұл қаражаттың басым бөлігі жеке мақсаттарға жұмсалған деп есептейді. Ерлі-зайыптыға қатысты қылмыстық іс 2025 жылдың 29 шілдесінде аяқталған.