$ 504.6  594.27  6.48

«Бала туа салу дұрыс емес»: Актриса ана болудан қорқатынын айтты

Актрисаның сөзінше, ана атану – ол үшін өміріндегі ең ауыр әрі маңызды жауапкершілік.
 

Фото: instagram.com/fariza_yeskermes
Фото: instagram.com/fariza_yeskermes

Актриса Фариза Ескермес ана болуға байланысты ішкі алаңдаушылығын ашық айтып, жұртшылық назарын аударды. Ол Айтарым бар подкастында Жанерке Сейфуллаға берген сұхбатында бұл тақырыпты бұған дейін мұндай деңгейде көпшілік алдында көтермегенін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Актрисаның сөзінше, ана атану – ол үшін өміріндегі ең ауыр әрі маңызды жауапкершілік.

«Мен он жыл бойы жалғыз тұрдым. Ерте кеттім үйден. Бірақ ана атануға қорқамын. Бұл қорқыныш ана болмайынша кетпейтін сияқты. Тіпті психологқа барып, бір жылдай осы сұрақпен жұмыс істедім. Өйткені жай ғана бала туа салу мен үшін дұрыс емес. Оған дайын болу керек деп ойлаймын», – дейді ол.

Сондай-ақ Фариза тұрмыс құру мәселесіне де ұзақ уақыт бойы моральдық тұрғыда дайын болмағанын мойындады. Оның айтуынша, қоғамда қалыптасқан «келін» образына қатысты түсініктер де өз әсерін тигізген.

«Қыз тұрмысқа шықса, келін. Ал келін деген – құл сияқты түсінік бар ғой. Сол үшін де қорықтым. Мүмкін сондықтан болар, мен отыз жасымда ғана тұрмысқа шықтым», – деді актриса.

Бұл ойлар желіде түрлі пікір туғызды. Кейбір қолданушылар Фаризаның ашықтығы мен жауапкершілікке бай көзқарасын қолдаса, енді біреулер оның пікіріне келіспейтінін білдірді.

«Ана болғанда дәл осындай адамдар керемет жауапты ана болады», «Баланы Алла береді, бәрі өз уақытымен», «Бұл – эгоизм емес, саналы көзқарас», «Алты бала туып, бірде-бір рет бұлай ойламаппын», «Екі адам қосылған соң бала болмай қалса, не істеу керек сонда?» деп жазды оқырмандар.

Бұл сұхбат арқылы Фариза Ескермес ана болу тақырыбын өзгеше қырынан көрсетіп, көп айтыла бермейтін ішкі қорқыныш пен күмәнді ашық айтуға болатынын аңғартты. Актрисаның ойы кейбіріне ой салса, енді біріне өз көзқарасын қайта таразылауға себеп болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары