2025 жылы Димаш Қытай, Қырғызстан, Вьетнам сияқты елдерде концерт беріп, Алматы мен Ақтауда жерлестерімен кездесті.
"Қазақстан – Армения – Венгрия – Қытай – Малайзия – Түркия – Чехия – Германия – АҚШ – Мексика – Испания – Ұлыбритания – Латвия" – Димаш Құдайбергеннің "Жаһанкез" атты шығармашылық сапары 2022 жылы Алматыда басталып, елдер мен құрлықтарды аралай келіп, 2025 жылы Ригада мәресіне жетті, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Әншінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ағылшын тілінен аударғанда "Stranger" атауы бірнеше мағынаны білдіреді, әрі олардың барлығы үш құрлықты қамтып, 13 елде көрсетілген бұл ауқымды шоуға мазмұндық тұрғыдан толық сәйкес келеді.
Турға атау болған ән мәтініне сүйенсек, "Жаһанкез" атауы ең дәл әрі мағыналық тұрғыдан орнықты нұсқа екені анық:
"Жаңа жер – көзім жеткендей, Жаңа жер – табанымның астында. Бөгде елдегі жолаушы – Өзімді тануға берілген жаңа мүмкіндік…"
Сонымен қатар, шетелдік көптеген бұқаралық ақпарат құралдары бұл атауды "Бейтаныс"деп түсіндіріп жүр. Себебі тур аясында Димаш бірқатар елдерге алғаш рет барды.
Осы атауларды өзара сабақтастыра отырып және Димаштың өз сөздерін еске алсақ, алыс теңіздер мен мұхиттардың ар жағындағы бұл сапарлардың негізгі мақсаты – туған елінің мәдениетін мүмкіндігінше кең аудиторияға таныстыру екені айқындалады.
Әдеттегідей, турды Қазақстаннан бастаған өнерпаз музыка арқылы өз миссиясын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Ол музыканы терең сезінетін, бірлік пен бейбітшілікке ұмтылатын, шынайы әрі артық сентиментализмнен құралмаған махаббатты көруге және тыңдауға ниетті жандарды біріктіретін ерекше рухани орта қалыптастырады:
"Махаббат толқындары сахнадан залға, залдан сахнаға қайта оралып жатты. Бұл цунамиден Димашты алып кетпегені, бәлкім, бүкіл концерт болып оның қолынан ұстап тұрғандықтан болар. Ол да сол қолды жібермеді. Шын мәнінде, бәрі де соған мұқтаж еді".
Тур бағдарламасының қалай жасалатыны жөнінде Димаштың ата-анасы – Қанат және Светлана Айтбаевтар баяндады. Олардың айтуынша, шоу концепциясын ең алдымен Димаштың өзі айқындайды. Ол концертке таңдалған шығармаларды ескере отырып, бағдарламаны өз режиссерлік көзқарасына сай құрастырады. Одан кейін режиссерлік топ іске кірісіп, идеялар жан-жақты талданып, нәтижесінде дайын жоба қалыптасады.
Тур аясындағы алғашқы концертті дайындау барысында шығармашылық, техникалық және ұйымдастырушылық топтардан тұратын 200-ден астам адам жұмылдырылған. Алматы мен Астанада техникалық жабдықтарды орнату жұмыстарына ғана жүзден астам маман қатысқан. Ал костюм шеберлерін, волонтерлерді және өзге де сала қызметкерлерін есепке алғанда, мұндай концерттерге шамамен 400 адам тартылған.
Шетелдік концерттерді ұйымдастыру жұмыстары концерт өтетін уақыттан 7–9 ай бұрын басталады. Бұл ретте қабылдаушы елдің заңнамалық талаптары мен менталитеттік ерекшеліктері ескеріледі. Гастрольдік құрам Қазақстаннан, Испаниядан, Ресейден, Кубадан, Германиядан және Қытайдан аттанатын музыканттардан, концерт әкімшілерінен, техникалық персоналдан тұрады. Бұлар – өз ісінің кәсіби, тәжірибеден өткен мамандары. Ал концерт өтетін елдің өзінде промоутерлер мен концерт алаңы қызметкерлері қосылып, шамамен 200 адамнан құралған біртұтас команда қалыптасады.
2025 жылы Димаш Қытай, Қырғызстан, Вьетнам сияқты елдерде концерт беріп, Алматы мен Ақтауда жерлестерімен кездесті. Сондай-ақ алғаш рет Африка құрлығына – Мысыр еліне табан тіреді. Бұл – алдағы жолдың ашық екенін, алда талай тың әрі маңызды шаралардың тұрғанын білдіреді.