Ол өзінің Instagram парақшасында жарына деген өшпес сағынышын жеткізіп, аза жамылған сәттерін бөлісті.
Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің жұбайы Бағдат Әшімова өмірлік серігінен айырылғаннан кейін жан тебірентерлік жазба жариялады. Ол өзінің Instagram парақшасында жарына деген өшпес сағынышын жеткізіп, аза жамылған сәттерін бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат агенттігі.
"Өмір мен өлімнің арасы қас-қағым сәт екен.
23 жыл, бір ай, үш күн бірге өмір сүрген, Құдай қосқан қосағымнан үш минуттың ішінде айырылып қалуым – мен үшін аса ауыр соққы болды.Адам баласының айтқаны орындала бермейді, Алланың қалауына ешкім қарсы тұра алмайды. Жан жарымды қанша қимасам да, ел болып, жұрт болып ақтық сапарға шығарып салдыңыздар.
«Қайғы бөліссе азаяды» дейді. Көңіл білдіріп, жұбату айтқан баршаңызға бас иемін. Тірлігінде алақандарыңызға салып еркелеткен едіңіздер, ақтық сапарға да қалың ел жиналып, егілe шығарып салдыңыздар.
Жаназа кезінде сапта тұрған адамдардың саны көп болған сайын, сол жандардың алақан жайып, Алладан тілеген дұға-тілектерін Алла қабыл етіп, пейіштен орын береді дейді.
Әумин. Әумин. Әумин.Әр шаңырақта бақ-береке орнасын.
Балаларыңыз аман, бауырларыңыз бүтін болсын", – деп жазды Бағдат Әшімова.