Элизат Берік жеке өміріне қатысты да ашық пікір білдірді.
TalkLike YouTube арнасының жаңа шығарылымында қонақта әнші Элизат Берік болды. Сұхбат барысында ол шығармашылық жолындағы белестер, продюсерлермен арадағы қарым-қатынас және жеке өміріне қатысты маңызды тақырыптарды қозғады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әншінің айтуынша, сахнаға қайта оралу оған оңай соқпаған. Продюсерлік орталықтан кейін жеке шығармашылықты жалғастыру көптеген өнер иелері үшін күрделі кезеңге айналатынын атап өтті. Сондай-ақ Элизат Берік өз тыңдарманын табу үшін ұзақ уақыт кеткенін де жасырмады.
Сұхбатта ол BM Production-ға қайта оралуының себептерін түсіндіріп, Баян Мақсатқызы және Бағым Мақсатқызымен жұмыс істеу барысындағы тәжірибесіне тоқталды. Әнші сол кезеңде белгілі бір келіспеушіліктер болғанын мойындап, бүгінде сол шешімдеріне басқа қырынан қарайтынын айтты.
Бұдан бөлек, Элизат Берік жеке өміріне қатысты да ашық пікір білдірді. Ол бұрынғы жұбайымен қарым-қатынасы, ажырасудан кейінгі өмірі және бұл шешімнің өзіне қалай әсер еткені жайлы әңгімеледі. Қазіргі таңда жүрегі бос екенін, алайда балаларының әкесімен байланыс үзілмегенін жеткізді.
Сонымен қатар, әнші «Кешью» тобы туралы да өз көзқарасын ортаға салды. Оның сөзінше, ұжымда жолы болып, кәсіби тұрғыда мықты болған қатысушылар да, керісінше, кәсіби әлсіздігіне қарамастан танымалдыққа қол жеткізген өнер иелері де болған. Сондай-ақ топтағы ең қуатты дауыс пен ең сәтті қатысушы жөнінде де ойымен бөлісті.