22.01.2026, 13:20

«Шаруа осымен бітті»: Жандарбек Бұлғақов желіде шыққан дауға жауап берді

Фото: видеодан скрин

Ақынның бұл жауабына қатысты желі қолданушылары да әртүрлі пікір білдіріп, талқылау әлі де жалғасып жатыр.

Айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов әлеуметтік желіде әнші Yenlik орындайтын BIPL әніне қатысты айтқан пікірінен кейін өрбіген талқылауға жауап қатты, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Бүйтіп жаныңыз ашымасын»: Жандарбек Бұлғақов пен белгілі әншінің арасында дау шықты

Ақын Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында тараған пікірлерге тоқталып, бастапқы сауалдың тек әннің мазмұнына байланысты қойылғанын атап өткен. Оның сөзінше, пікір қалдырғандардың бір бөлігі туындыны түсінгенін не түсінбегенін байыппен, салмақты түрде жеткізген.

«Жарықтық Threads парақшам бір аунап түсіпті ғой. Ал, талаңдар мені, қазір жауап беремін. Біріншіден, “Бұл қай ән? Кім не түсінді?” деген сұрақ қойылды. Оған “Бұл — Еңліктің әні, мағынасы осындай” немесе “Дым түсінбедім” деп сауатты, салқынқанды жауап бергендер бар. Негізгі шаруа сонымен бітті», — деп жазды ол.

Сондай-ақ Жандарбек Бұлғақов өзіне «қыз баланы сынады» деген мазмұндағы айыптаулармен келіспейтінін жеткізді. Айтыскердің айтуынша, ол өнер иесінің жеке болмысына емес, тек әннің тақырыбына назар аударған.

«Өнерпаздың жынысы, сыр-сымбаты, тұлғасы мен әншілігі туралы бір ауыз сөз айтылған ба? Тақырып мәтін емес пе?» — деп қорытындылады ол.

Ақынның бұл жауабына қатысты желі қолданушылары да әртүрлі пікір білдіріп, талқылау әлі де жалғасып жатыр.