Осымен әңгімені доғарайық!
Танымал әнші Еркеш Хасен әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне қатысты тараған әңгімелерге байланысты мәлімдеме жасап, қызын қорғап сөз сөйледі, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі ұзақ уақыт бойы ел аузындағы түрлі жаланы үнсіз қабылдап келгенін, алайда бұл жолы кінәсіз баласының аты аталған соң үн қатуға мәжбүр болғанын жазды.
«Неше уақыттан бері, елдің айтқан өтірік жаласын жұтып келдім. Бірақ, бұл САСЫҚ әңгімеге кінәсіз баламды араластырғандарыңыз үшін жазып тұрмын.
Бір айтарым, мен қызымды ешқашан тастаған емеспін, тастамаймын да!
Соңғы демім қалғанша, қызыма қамқор боламын.
Мен камераның алдына барып, отбасыма қатысы жоқ адамға, отбасым жайлы айтып отырмаймын!
Менің ҚЫЗЫМДЫ да, қызыма деген махаббаттан туған әнімді де, ешкім тартып ала алмайды!» – деп жазды ол.
Сондай-ақ әнші жеке өмірін ел алдына шығарып, жария талқылауға салуды жөн көрмейтінін атап өтті.
«Ешкім ажырасамын деп, үйленбейді. “Ұлың болса – ұрыға күлме” дейді.
Сіздер үйреніп қалған сценарийге сүйенсек, мен бір журналистпен отырып, осыны талқылау керек екенмін. Кешіріңіздер, мен талай жақсы күндерді бірге өткізген адамды, елдің алдында әңгіме қылып отырмаймын.
Екеуміз арамызда болған нәрсе, әуелі Алла, сосын тек екеумізге мәлім. Осымен әңгімені доғарайық!» – деді ол.