08.03.2026, 15:30

«Жарама жалау болған жапырағым»: Нұрғали Нүсіпжанов өзінен 45 жас кіші әйеліне жазба арнады (ФОТО)

Коллаж: SN.kz

"Ата-анаңның әруақтарының алдында ақ басымды идім, алтыным!"

Қазақстанның халық әртісі, қазақ ән өнерінің көрнекті өкілі Нұрғали Нүсіпжанов әлеуметтік желідегі парақшасында жан тебірентер жазба жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Аңыз әнші бұл жазбасында жары, танымал журналист Жадыра Сейдешке деген шынайы сезімі мен құрметін білдірді.

"Ата-анаңның әруақтарының алдында ақ басымды идім, алтыным! Жас ұлғайған шақта тайғақ ғұмырдың тарам жолында сүйеніш болар серік кездеспесе, өнермен өріліп келе жатқан алдағы өмірім қалай өріс алар еді? Ол жайлы ойлауға да қорқам… Жасырып, жаба тоқып қайтейін, тағдыр талайыма сызылған маңдайдағы жазудың ыстық-суығын бір адамдай көрдім. Күйгенім де, күйінгенім де рас, тоңып-жаурағаным да өзгеден гөрі өзіме мәлім… Соқтықпалы, соқпақты ғұмыр дариясының бедер-белесі де аз болған жоқ… Бұралаң-бұлтағы көп жалған дүниенің қиыны мен қызығын да қатар көрдім… Аурудың азабын арқалатқан жылдары жалғыздықпен бетпе-бет жүздестім… Сыналдым, бірақ сынбадым, құласам да мұқалмадым…

Басыма сындарлы сәт туғанда Алла Тағала маған сөз өнерін серік еткен аяулы аруды сыйлады… Қай өнердің де тірегі – асқақ адамгершілік қой… Кәсіби журналист ретінде Жадыраны бағалаған жалғыз қазақ мен емеспін. Маңдайалды марқасқаларымыздың ақ батасын арқалап, аға-апаларының алғысына жастайынан бөленген Жадыраға "дара дарын иесі, туа бітті талант" деп баға берген де сол зиялы қауым өкілдері… Талғат Бигелдинов, Шер ағаң, Қадыр, Тұманбай, Фаризадай азулы ақындар мен Әбіш Кекілбай, Герольд Бельгер, Асанәлі Әшімов сынды аңыз адамдардың бір жапырақ Жадыраны төбелеріне көтергенін көзіммен көрдім және мың сан мәрте ішімнен: "Шүкір, тәубә!" – дедім. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме… Қазақтың қаламгер қызын туған күнімен де, арулар мерекесімен де құттықтауға қақым бар деп ойлаймын.

Асылдың сынығы, тектінің тұяғысың ғой, алтыным. Анаң ажал сапарына аттанғалы жанарыңа мұң ұялап, жаныңды қайғының қасірет табы жаралады. Тұнжыраған жүзің, күлуден қалған көзің – жүрегімді қанжардай тіліп барады… Сенің мен үшін жасап жүрген көл-көсір еңбегіңді қазақ руханиятына көрсеткен құрмет-қошеметің деп білем. Алладан сұрарым – алдымда аман жүрші, жарығым…Сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма кірсін, жаралы жаныма жалау болған бір жапырағым…" – деп жазды Нұрғали Нүсіпжанов.