12.03.2026, 01:30

«Ұятсыздар! Беттері жалған!»: Айгүл Иманбаева ұшақта бортсеріктермен жанжалдасты (ФОТО)

Коллаж: SN.kz

"Ауызашарға санаулы минут қалғанда бір стақан су сұрап ала алмадым".

Танымал әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева ұшақта бортсеріктермен болған жағымсыз жағдай туралы айтып берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесі Алматыдан Астанаға бағыт алған 953-рейспен екі немересі және келінімен бірге ұшқан. Оның айтуынша, ұшақ ауа райына байланысты шамамен екі сағат кешігіп ұшқан.

Айгүл Иманбаева ораза ұстағандықтан тамақтан бас тартып, тек бір бөтелке су сұрағанын айтады. Алайда бортсерік бөтелкедегі су жоқ екенін айтқан. Сол кезде актриса ауызашар уақыты жақындағанда бір стақан су әкеліп беруін өтінген.

Әншінің сөзінше, ауызашарға 20 минут қалғанда бортсерікті шақырғанымен, ешкім келмеген. Қызыл шақыру батырмасы жанып тұрғанына қарамастан, қызметкерлер жауап бермегенін айтады. Кейін тағы бір бортсерік жанынан өтіп бара жатқанда су сұраған.

“Қолымда жылап отырған немерем бар еді. Бір стақан су сұрадым. Бірақ ол “Ұшақ қонғанда өзіңіз келіп ішіп кетесіз” деп кетіп қалды”, – дейді актриса.

Айгүл Иманбаева бұл жағдайға қатты ашуланғанын жасырмады. Оның пікірінше, мұндай әрекет әуе компаниясының беделіне нұқсан келтіреді.

“Қазір Рамазан айы. Ауызашарға санаулы минут қалғанда бір стақан су сұрап ала алмадым. Қолымда кішкентай немерем жылап отыр. Осындай жағдайдан кейін ашуланғандықтан желіге жазуға мәжбүр болдым”, – деп жазды ол.

Актрисаның айтуынша, ұшақ қонғаннан кейін ол оразасын жақындарының үйіне барып ашқан.