01.04.2026, 13:00

«Ақша тауып, мені асыра деп айтқан емеспін»: Нұртас Айдарбеков бала тәрбиесіне қатысты ойын айтты (ВИДЕО)

Фото: instagram.com/gulziraaidarbekova

Мен кісі болдым деген болмайды, мен оған осы уақытқа дейін жол бермедім.

Әнші Қайрат Нұртастың әкесі Нұртас Айдарбеков журналист Аман Тасығанға сұхбат беріп, үш ұлды тәрбиелеудегі құпиясымен бөлісті. Көпшілік оның қарапайымдылығына тәнті болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Аман Тасығанға сұхбат берген ол балаларына қандай тәрбие бергенін мәлімдеді. 

«Менің марқұм үлкен ағам айтатын, тамағыңның астына тас байлама, иығыңа байлап жүр деп. Сонде мен түсінбейтінмін не айтып отыр деп, мектепте оқитынмын. Сөйтсем кеудеңе тас байлап, көкірек болып жүрмей, керісінше иығыңа тас байлап, кішіпейіл болып жүр деп айтады екен ол кісі маған. Мен осыны үш балама айтып келемін. Балаларыма ақша тауып кел, мені асыра деп бүгінге дейін айтқан емеспін. Айтатыным жаңағы ғана, көшеде адам құсап жүріңдер деймін.

Мен кісі болдым деген болмайды, мен оған осы уақытқа дейін жол бермедім. Адамдардан сырттан естіп жатамын, Қайрат қарапайым дегенді. Жаңағы тәрбие ме деп ойлаймын, себебі мен кірсем де, шықсам да, соны айта беремін. Кейде тіпті Қайратты мазақ қылатын жағдайға жетті. 

Ол және халықтың алдында жүр, оның дұрыс жүрмеуге қақысы жоқ. Шелектеп жинаған абыройды, төгіп тастауға болмайды. Пенде ғой, ол да ашуланады. Сосын мына тиын, ақша деген нәрсе адамды бұзады ғой? Қалтасында азын-аулақ ақшасы бар, қорқамын, біреуге артық әңгіме айтып қоя ма деп. Бірақ құдайға шүкір, осы уақытқа дейін жаман аты шықпады, енді ары қарай не болатынын? Енді ары қарай құдай көрсетпесін ештеңені, менің қолымнан басқа ештеңе келмейді», — деді ол берген сұхбатында.