$ 469.52  553.75  6.15

«Сендерді зорлаймын»: Кешью тобының режиссері топ әншілерін қорқытқан

Аталған мәлімдеме желі қолданушылары тарапынан сынға ұшырады.

Коллаж: sn.kz
Коллаж: sn.kz

Желіде қазақстандық режиссер Ернар Нұрғалиевтің KeshYou тобының 20 жылдығына арналған деректі фильмдегі мәлімдемесі қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Биыл танымал топтың құрылғанына 20 жыл толуына орай BM Production YouTube арнасында екі бөлімнен тұратын деректі фильм жарық көрген. Жоба барысында ұжымның қалыптасу кезеңі, алғашқы қадамдары, топ ішіндегі бәсеке мен тартыс, қызғаныш пен драма, сондай-ақ бұрын айтылмаған деректер қамтылған. Фильмдегі сұхбаттардың бірінде режиссер Ернар Нұрғалиев жаңа құрамдағы әншілерді танымал ету міндеті жүктелгенін айтып, сол мақсатта түрлі тәсілдерді қолданғанын жеткізген. Оның сөзінше, жұмыс барысында қатаң талап қойып, қысым көрсетуге дейін барған.

“Маған қыздарды жұлдыз қылу тапсырылды. Баян ханым өзі тапсырды. Сондықтан, оларға боқтап, айғайлап үйретуге тура келді. Тіпті, “Тағы бір рет осылай қателік жіберсең, саған не істейтінімді білмеймін, зорлаймын” деп қорқытатын едім. Олар шошитын. Олар бірінші бейнебаян деп бақыттан басы айланып жүрді. Ал маған жақсы нәтиже шығару керек болды”, – деді ол.

Аталған мәлімдеме желі қолданушылары тарапынан сынға ұшырады. Көпшілік режиссердің әдісін орынсыз әрі шектен шыққан әрекет деп бағалаған.

“Қанша тағы уақыт үндемей отырамыз? Бұл сұмдық қой, Ернар Нұрғалиевтің “КешYOU” туралы фильмде айтып отырғаны нағыз үнсіз үрей. Егер мұны осылай қалдырсақ, онсыз да санасы уланған кейбір ер адамдар әйелдерге ойына келгенін істей береді. Бұл фильмді монтаждағандар, естерің дұрыс па өзі? Сұр водолазка киген адам кешірім сұрасын! Олар ол жерде нені “пик” етіп жауып тастаған? “Сені зорлаймын” деген сөз ме?.. Масқара! Әсел Қалиева, айналайын, қайда қарап жүрсің?” – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Бұл пікірді басқа да қазақстандықтар қолдап, өз наразылықтарын білдірген.

“Ол қалайша мұндай сөздерді айтқан? Мұндайға қалайша жол берілген? Егер мені осылай қорқытса, мен біреуге шағым түсіретін едім, Құдай сақтасын”, “Зорлаймын” деген сұмдық қой, не айтып отыр өзі”, “Осы жерінде шошып кеттім. Түсірілім барысында ең маңызды адамдар – қыздар. Ал бұл қыздарға адам ретінде қарамай, ойына келгенді істеген сияқты”, “Біртүрлі деректі фильм”, – деп жазды желі қолданушылары.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0