"Шәмші ағамызбен бірге жазған шедеврлеріңіз әлі талай жүректі әнге бөлейтіні, жырға бөлейтіні хақ!".
Әнші Алтынай Жорабаева қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шахановтың дүниеден өтуіне байланысты әлеуметтік желіде жүрекжарды жазба жариялады. Өнер иесі ақынның қазақ руханиятындағы орнын ерекше атап, оның шығармашылығы тұтас бір дәуірмен тең екенін жеткізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
“Қазақ өлеңінен бір дәуір озды… Аңыз адам, ақиық ақын, ардақты аға өмірден озды… Сіз елдің ұлы, елдің ақыны болдыңыз… ұлтыңыз сүйді… Артыңызда өшпес, өлмес өлеңдеріңіз қалды. Сіздің өлеңдеріңізбен өстік, сізбен бірге армандадық, сүйдік, сағындық, ұлтжандылық, отансүйгіштік сезімдеріміз сіздің жырларыңызбен бірге оянды…”, - деп жазды әнші.
Алтынай Жорабаева өз өнер жолында Мұхтар Шахановтың шығармаларының ерекше орын алатынын да жасырмады. Оның айтуынша, ақынның сөзіне жазылған туындылар әншілік бағытын айқындауға әсер еткен.
“Менің ән өнеріндегі төлқұжатымa айналған, әншілік бағымды ашқан “Өмір-өзен” үшін, “Жұбайлар жыры” үшін мың рақмет. Шәмші ағамызбен бірге жазған шедеврлеріңіз әлі талай жүректі әнге бөлейтіні, жырға бөлейтіні хақ! жаныңыз жанната болсын! Бақұл болыңыз, АҒА!”, - деді ол.
Өнер иесінің жазбасы желі қолданушылары арасында кең қолдау тауып, көпшілік ақынға деген құрметі мен сағынышын білдіріп жатыр.