"Мұхтар ағамен қоштаса алмадым".
Танымал актер Азамат Сатыбалды кезекті спектакльден кейін денсаулығы күрт нашарлап, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесінің сөзінше, алғашында өзін жайсыз сезінгенімен, жағдайының бұлайша ушығарын күтпеген.
"Кім білген, "Сұлтан Бейбарыс" спектаклін ойнай алмай қаламын деп. Көрермендерден кешірім сұраймын. 19-ы "Зулейха" спектаклін ойнап үйге бардым. Келесі күні, Әуезов театрында спектакль ойнауым керек еді. Түнде 12-де басталды бір дүлей сырқат. Жанымды қоярға жер таппадым. Ішпеген дәрім жоқ. Содан таңғы төртке дейін алыстым. Болмады.
Жедел жәрдем шақыруға тура келді. Келген бойда дәрігерлер тексеріп бірден ота жасайтынын айтты. Әртіспісің дегендей, дәрігерге спектаклім бар еді, ертең жасасаңыз болмай ма дедім. Ол болса, бұл не деген сұмдық деп, басын ұстап таңғалды. Қандай спектакль, тез арада ота жасау керек деді. Көнбеске амал қалмады. Жан тәтті ғой. Не керек, бәрі сәтімен өтті. Қазір жағдайым жақсы, Аллаға шүкір. Дәрігерлерге алғысым шексіз, зыр жүгіріп бәрін жасап жатыр. Кезегімен келіп, жағдайымды сұрап кетеді. Алла разы болсын. Ауырмаңыздар", – деп жазды актер.
Сонымен қатар ол қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мұхтар Шахановмен қоштасу рәсіміне қатыса алмағанына өкініш білдірді.
"Бір әттеген-ай бар. Мұхтар ағамен қоштаса алмадым. Жақсы көретін ақыным. Нар тұлғалы қоғам қайраткері еді. Алла алдынан жарылқасын ағамызды.
Жаныңыз жәннәттың төрінде шалқысын, асыл ағатай", – деп түйіндеді ол.
Желі қолданушылары актердің жағдайына алаңдап, оған жылы лебіздерін білдіріп жатыр.
"Аға, тез сауығып кетіңіз", "Алла шипасын берсін. Тезірек сауығып кетіңіз", "Бізді бұлай қорқытпаңыз", – деп жазды оқырмандар.