Танымал әнші Мейрамбек Бесбаев әлеуметтік желідегі парақшасында халыққа алғысын білдіріп, жазба жариялады деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әнші “МузАРТ” тобының 25 жылдық мерейтойына келген барша тыңдармандарына ризашылығын жеткізді.
“Ардақты ағайын! Өздеріңіздің көз алдарыңызда құрылып, өсіп, жетіліп, жігіттік жас – 25-ке келген “МузАРТ” тобының мерейтойы дүркіреп өтті. Байтақ Отанымыздың барлық өңірлерінде өткен мерейтойлық концертімізге періште көңіл тыңдармандарымыз қуана келіп, баталарын беріп тарасты. “МузАРТ” әлі өзінің мұзарт шыңында тұрғанына кезекті рет көзіміз жетіп, мерейіміз тасып, төбеміз көкке жетті”, – деп жазды әнші.
Сондай-ақ Мейрамбек Бесбаев арнайы келіп құттықтап, бірге ән шырқаған әріптестері мен қошемет көрсеткен көрерменге алғыс айтты.
“Біздің қуанышымызға арнайы келіп құттықтаған, бізбен қосылып ән шырқаған, бізге телегей теңіз қошемет көрсеткен Алтын Қазаққа алғысымыз шексіз!” – деді ол.