Айсара Әліханова оқиғаның қалай болғанын егжей-тегжей баяндады.
Әлеуметтік желі қолданушысы Айсара Әліханова жариялаған жазба қызу талқыға түсті. Оның айтуынша, Қызылорда–Павлодар бағытындағы №117 пойызда мас күйдегі ер адам купесіне кіріп, мазасын алған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Кейіннен видеодағы азаматтың жайдарманшы Ақылбек Скендиров екені белгілі болды. Айсара Әліханова оқиғаның қалай болғанын егжей-тегжей баяндады.
«Мен баламен купеде жалғыз келе жаттым. Түнгі 00:30 шамасында Қазалы станциясында билет бойынша №29 орынға тиесілі жолаушыны менің купеме, №1 орынға отырғызған. Ол алкогольдік масаң күйде болды, тиісіп, балағаттап, агрессивті мінез көрсетті. Мұндай жағдай қаншалықты қалыпты және жолаушылар қауіпсіздігіне кім жауап береді?» – деп жазды ол.
Ол қауіп күшейген соң полиция шақыруға мәжбүр болғанын да айтты.
«Нақты қауіп төнген соң 102-ге хабарластым. Сексеуіл станциясында полицияға қоңырау шалдым. Таңға жуық полиция қызметкері келіп, түсініктеме алды. Қатты шаршағандықтан, үш күн ұйықтамағандықтан және баламның қауіпсіздігі үшін ол адамды басқа жерге ауыстырған соң шағымым жоқ деген видеоүндеу жазып бердім. Бірақ жолаушылар қауіпсіздігі кез келген жағдайда қамтамасыз етілуі тиіс. Қазір ресми түрде қайта шағым түсіріп, жағдайды тексеруді талап етемін», – деді ол.
Желіде бұл оқиғаға байланысты пікір екіге жарылды. Бірі жазба авторын қолдаса, енді бірі видеода агрессия байқалмағанын алға тартқан. «Құдай-ай, өзімнің жүрегім айнып кетті. Мас адамдарды жек көремін. Оның жанарынан-ақ қорқыныш көрінеді. Балаңмен сондай жерде болу сұмдық», – деп жазды бірі. Ал кей қолданушылар видеодағы ер адамды танығанын жазған. «Мен оны бір жерден көргендеймін, Жайдарманда жүрген сияқты», «Ақылбекті бірден танығандар бар ма?», – деген пікірлер де тарады. Сын айтқандар да болды. «Мен оны жақтап тұрған жоқпын, бірақ видеодан агрессия байқамадым. Бәлкім, өзіңіз “бәле іздеп” түсірген сияқтысыз», – деген пікірге Айсара Әліханова жауап беріп: Тағы бір желі қолданушысы: «Пойызға мас адамдарды мінгізуге тыйым салу керек. Біреу пышақталмай ешкім мән бермейді», – деп мәселенің жүйелі сипатына назар аударған. Қазір бұл оқиға әлеуметтік желіде кең талқыланып, жайдарманшы Ақылбек Скендіровтің аты даудың ортасында қалды.