Бір жылдай түсірілімде жүрдім.
Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбеков жастық шақтағы кездесулерін ерекше романтикамен өткізген. Бұл туралы актриса Azan Radiosy-на берген сұхбатында еске алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесінің айтуынша, көпшілік олардың қарым-қатынасы "Қыз Жібек" фильмінен кейін бірден басталды деп ойлайды. Алайда шын мәнінде бәрі біртіндеп өрбіген.
"Бір жылдай түсірілімде жүрдім. Ол театрда жұмыс істеді. Мен институтқа түстім. Бірінші курсты бітірдім. Бәрі кинодан кейін бірден тұрмысқа шықты деп ойлайды. Олай болған жоқ. Ойым да болған жоқ", – деді Меруерт Өтекешова.
Сұхбат барысында ол екеуінің махаббат хикаясы қалай басталғанын да айтып өтті. Жас кезінде олар таңғы уақытта құймақханада кездесіп жүрген.
"Екінші курста тағы да бірге киноға түстік... Бізде, Құман екеумізде романтика болды. Алатау кинотеатрына кездесуге баратынбыз. Абылайхан мен Жібек жолы көшесінің бойында құймақ пісіретін кафе болған. Таң ата кездесеміз. Құймақ жейміз. Романтика. Кездесу. Сосын ол театрға, мен институтқа кетемін. Ондай қазір жоқ", – деді Меруерт Өтекешова.