06.05.2026, 03:30

«Кигім келді кидім, шешкім келді шештім»: Тағы бір блогер хиджабын «лақтырды» (ВИДЕО)

Фото: instagram.com/_sajol

Сонымен қатар блогер оқырмандарын батыл болуға үндеп, қателіктен қорықпай, мүмкіндіктерді жіберіп алмауға шақырды.

Sajol есімімен танымал блогер Сымбат Қасымова орамалын шешкенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Блогер әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, өміріндегі өзгерістер жайлы айтты. Кадрларда оның шаш түсін өзгерткені байқалады.

“Өсек, аңду, көреалмаушылық пен қараңғылық көп өмірде жарқырап, жалындаған от болғым келеді екен. Жаңа кезең”, – деп жазба қалдырған ол.

Желі қолданушылары Сымбат Қасымованың бұл қадамын әртүрлі қабылдады. Кейбірі соңғы уақытта “орамал ойыншыққа айналды” деген пікір білдірген. Мұндай сынға блогер де жауап берген.

Мәселен, оқырмандарының бірі оған “Неге кидің? Неге шештің?” деген сұрақ қойған.

“Қатты кигім келді, кидім. Шешкім келді, шештім. Болды. Оның несі түсініксіз? Біраз уақыттан кейін қайта кигім келсе, тағы да орамалға келемін. Өмір болған соң адам өлгенше өзімен, өз ойларымен күреседі. Бастысы сол күресте жеңілмей, адам болып шығу”, – деп жауап берген ол.

Сонымен қатар блогер оқырмандарын батыл болуға үндеп, қателіктен қорықпай, мүмкіндіктерді жіберіп алмауға шақырды.

“Қателесуден қорқып өмір сүремін деп, өміріңіздің қалай өтіп кеткенін білмей қалмаңыз. Кейін бойыңыздан күш-қуат кеткенде “Жас кезде неге жасап көрмедім екен?” деп өкінгенде кеш болады”, – деп жазған ол.