06.05.2026, 05:30

«1 миллиард жұмсап жатырмын»: Баян Мақсатқызы әлемдік деңгейдегі шоу жасайтынын айтты (ВИДЕО)

Фото: bayanmaxatkyzy парақшасынан

Ұжым мерейтойына орай бұған дейін деректі фильм де ұсынып, жанкүйерлер арасында қызу талқыға түскен еді.

Танымал продюсер Баян Мақсатқызы «КешYOU» тобының 20 жылдығына орай ауқымды концерт ұйымдастыруға дайындалып жатыр. Бұл туралы әлеуметтік желіде тараған мәліметтерге сүйенсек, мерейтойлық шоу Алматыдағы Орталық стадионда өтпек, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жоба аясында сахнада топтың барлық хит әндері орындалып, әр кезеңдегі солистер қатысатын үлкен шоу жоспарланған. Ұйымдастырушылар концерттің тек музыкалық кеш емес, топтың 20 жылдық тарихын қамтитын ерекше қойылым болатынын атап өткен.

Айта кетейік, «КешYOU» – 2006 жылдан бері қазақстандық шоу-бизнесте өзіндік орны бар танымал қыздар тобы. Ұжым мерейтойына орай бұған дейін деректі фильм де ұсынып, жанкүйерлер арасында қызу талқыға түскен еді.

Сондай-ақ желіде Баян Мақсатқызы бұл концертке шамамен 1 миллиард теңге көлемінде қаражат жұмсап жатқанын айтқаны тарады. Продюсердің айтуынша, бұл жоба – жай концерт емес, «жалғасып жатқан тарихтың бір бөлігі» болмақ. Концерт 29 мамыр күні өтеді деп жоспарланып отыр.