Қазір Әнуар Баймұхаевқа қатысты тексеру аяқталды.
Қоғамда резонанс тудырған қазақстандық рэпердің мәлімдемесінен кейін Алматы полициясы тексеру жүргізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Тергеуге оның ойын-сауық бағдарламада айтқан әңгімесі себеп болды. Бұл шығарылымы эфирге шықпаған. Алайда түсірілімге қатысқандардың айтуынша, De Lacure сахналық есімімен танымал рэпер Әнуар Баймұхаев әйел адамға жасалған зорлық-зомбылық туралы баяндаған. Осыдан кейін жұртшылық музыкант пен оның достарының іс-әрекетіне құқықтық баға беруді талап етті.
Кейін рэпер бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, бұл оқиғада оның тарапынан да, досының тарапынан да ешқандай зорлық-зомбылық әрекеттері болмағанын мәлімдеді.
Әлеуметтік желідегі наразылықтан кейін Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тексеру жүргізді. Түсініктеме беру үшін ол полиция басқармасына шақыртылды.
– Тексеру барысында ол өзі баяндаған оқиғаның әлеуметтік желілерде бұрмаланып жеткенін, ал зорлық-зомбылық фактілері мүлдем болмағанын айтты. Қазіргі уақытта қылмыстық құқық бұзушылық дерегін растайтын объективті мәліметтер анықталған жоқ, - деп хабарлады департаменттен.
Қазір Әнуар Баймұхаевқа қатысты тексеру аяқталды. Алматы полициясы азаматтарды жалған ақпарат таратудан аулақ болуға шақырды.