15.05.2026, 05:30

«Реніші көп сияқты»: Жазира Байырбекованың енесі жайлы пікірі желіде қызу талқыға түсті (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Әнші сұхбат барысында тұрмысқа шыққан алғашқы жылдары енесінің қаталдығын қабылдау өзіне оңай тимегенін жасырмаған.

Белгілі әнші Жазира Байырбекова енесі туралы айтқан ескі сұхбатынан кейін әлеуметтік желіде қызу пікірталас басталды. Өнер иесінің отбасы өміріндегі қиын кезеңдерді еске алып айтқан әңгімесі көпшіліктің назарын аударып, түрлі пікірге себеп болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әнші сұхбат барысында тұрмысқа шыққан алғашқы жылдары енесінің қаталдығын қабылдау өзіне оңай тимегенін жасырмаған. Оның айтуынша, ерке болып өскен қыз үшін жаңа ортаға бейімделу қиын болған. Әсіресе, келінге қойылатын талаптар мен «болмайды» деген тыйымдардың көптігі алғашқы кезде психологиялық тұрғыда ауыр әсер еткенін жеткізген.

Жазира Байырбекова сол кезеңде өзіне көп нәрсеге шектеу қойылғанын, әр әрекетін аңдап басуға тура келгенін айтқан. Дегенмен уақыт өте келе сабыр сақтап, отбасы құндылығын бірінші орынға қою арқылы барлық қиындықты еңсеруге тырысқанын да атап өткен.

Алайда желі қолданушылары әншінің сөзінен енесіне деген өкпе мен реніштің табы әлі де сезілетінін жарыса жазуда. Кейбір оқырмандар «Жазираның көңілінде жазылмаған жара қалған сияқты», «Әңгімесінен ауыр кезеңді ұмыта алмағаны байқалады» деген пікір білдірсе, енді бірі оны түсініп, көптеген келіннің басынан өтетін жағдай екенін алға тартқан.

Әлеуметтік желіде әсіресе қазақы отбасыдағы келін мен ене арасындағы қарым-қатынас қызу талқыланып, көпшілік екіге бөлінді. Бірі ененің қаталдығын тәрбие десе, енді бірі жас келіннің психологиялық жағдайын ескеру қажет екенін жазуда.

Жазира Байырбекова бұл әңгімесі арқылы қазақ қоғамындағы отбасы ішіндегі қарым-қатынас, келіннің орны мен ене тәрбиесі тақырыбын қайтадан күн тәртібіне шығарғандай болды.