Сондай-ақ журналист мұндай психологиялық қысымның ауыр салдары болуы мүмкін екенін айтты.
Журналист Бибігүл Дәулетбекқызы әлеуметтік желідегі парақшасында әнші Мөлдір Әуелбековаға қатысты сын-пікірлердің көбейгеніне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Автордың айтуынша, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде әншіге бағытталған келемеж бен буллинг күшейген.
"Бір ай бұрын әлеуметтік желіден тайм-аут алған едім. Енді бүгін жайбарақат отырып елдегі хабарды оқиын деп лентаны ашып қалсам, сұмдық буллингтің көкесі болуда. Қай платформаны ашпайын ботоферма бастаған боттары бар, блохерлері бар, не керек бәрі әнші Мөлдір Әуелбековамен аяғын жақсылап сүртіп жатыр. Сүртіп қойса мейлі ғой, аяғымен тепкілеп рахаттануда. Тілімен түйреген сайын ләззат алуда. Аяп жатқан адамды көрмедім", – деп жазды ол.
Сондай-ақ журналист мұндай психологиялық қысымның ауыр салдары болуы мүмкін екенін айтты.
"Осыншама қазағымның жүрегі мұзға айналғаны ма? Осы қысымнан Мөлдір өзіне қол жұмсаса не болмақ? Екі баласын сендер асырайсыңдар ма? Барлығынан да қарт әке-шешесін неге ойламайсыңдар? Олардың құлағына бұл жайт жетпейді дейсіңдер ме? Неден қатыгез болдыңдар?" – деді Бибігүл Дәулетбекқызы.
Ол әлеуметтік желідегі буллингтің адам денсаулығына әсері туралы да пікір білдірді.
"Иә, буллингтің кесірінен әншінің жүрегі тоқтап қалса ше? Әлде қан қысымы көтеріліп кетсе? Қазір өлім жас талғап жатқан жоқ", – деп жазды автор.
Сонымен қатар журналист 2020 жылы өмірден өткен жазушы Аягүл Мантайдың оқиғасын еске алып, әлеуметтік желідегі қысымның салдарына назар аударды.
"Аягүл Мантай да өзіне қол жұмсағанын Фейсбуктағылар ұмытпаған болар? Әлеуметтік желідегі буллингтің құрбаны болған жас жазушы соңғы рет анасына ұзақ қарап тұрып, жақсы көретінін айтқан да, сарайға барып асылып қалды. Ол да ешкіммен ұрыспады. Үнсіз қоштасты мына жалған өмірден", – деді ол.
Сөз соңында Бибігүл Дәулетбекқызы өзі де бұған дейін қоғамдық қысымға тап болғанын атап өтті.
"Маған да қысым болған еді 2019 жылы. Сол кезім еске түсіп, Аягүлдің өліміне екі күн жылағаным бар", – деп түйіндеді журналист.