"Сен мені емес, өз балаңды алдадың".
Танымал әнші Нұрлан Абдуллиннің алиментке қатысты мәселесі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Желіде Марал Баққара есімді қолданушы әншінің баласына алимент төлемей жүргенін мәлімдеген жазба жариялады. Оның айтуынша, қайырымдылыққа миллиондаған қаражат бөлген өнер иесі өз ұлына 25 мың теңге көлеміндегі алиментті уақытылы төлемей отырған көрінеді.
Жазба авторы Нұрлан Абдуллинді бірнеше жыл бойы жиналған алимент қарызын өтеуге шақырды.
«Абдуллин Нұрлан Мұханұлы, ұлыңның алдындағы үш жылдық алимент қарызыңды жап! Сен онсыз да ұлыңды 30 миллион теңгеге қатысты жеке есепшот мәселесінде алдап кеттің. Сен мені емес, өз балаңды алдадың. Егер балаңды қамтамасыз ете алмасаң, бала сүймеу керек еді», — деп жазды ол.
Сондай-ақ ол әншінің мемлекеттік марапаттарына қатысты да пікір білдіріп, «Парасат» орденінің не үшін берілгенін сұрақ астына алған.
Бұдан бөлек, жазба авторы 62 жастағы әншінің 8 жастағы ұлымен соттасып жүргенін сынға алып, бұл жағдайды ұят деп бағалаған.
Қазіргі уақытта Нұрлан Абдуллин бұл мәселеге қатысты ресми пікір білдірген жоқ.