$ 488.37  559.77  6.64

Өкінішке орай… Төреғали Төреәлінің саханаға шығуына тыйым салынды

Фото: Әлеуметтік желіден
Фото: Әлеуметтік желіден

Белгілі продюсер Жан Мұқанов әнші Төреғали Төреәлінің концерттік және гастрольдік қызметі уақытша толық тоқтатылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, арнайы шешім шыққанға дейін өнер иесі сахнаға шығып, концерттер мен жеке іс-шараларға қатыспайды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы kursiv.kz-ке сілтеме жасап.

Продюсердің мәліметінше, мұндай шешім қабылдауға әншінің Павлодар қаласындағы ипподромның ресми ашылуына қатыспай, өзіне жүктелген міндеттемелерді орындамауы себеп болған.

Осы оқиғадан кейін продюсерлік орталық Алматы қаласы күніне орай жоспарланған концерттерді, сондай-ақ күзде өтуі тиіс халықаралық гастрольдік турды қоса алғанда, барлық іс-шаралардың күшін жойған.

Жан Мұқанов ресми мәлімдемесінде:

«Бүгіннен бастап әртіс Төреғали Төреәлі концерттік және гастрольдік қызметін тоқтатады. Арнайы өкім шыққанға дейін ол концерттерде, жеке іс-шараларда және өзге де алаңдарда өнер көрсетпейді», – деп хабарлады.

Сонымен қатар продюсер Павлодар облысы мен қаласының әкімдігіне, Мәдениет басқармасына, ұйымдастырушыларға және көрермендерге туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, қазіргі уақытта келтірілген шығындарды өтеу мәселесі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Мәлімдемеде авторлық құқық мәселесіне де тоқталды. Келісімшарт талаптарына сәйкес, «Төреғали Төреәлі» брендін пайдалану құқығы әзірге продюсерлік орталықтың бақылауында қалады. Барлық міндеттемелер толық орындалмайынша, бұл құқықтарды әншіге қайтару мәселесі қаралмайтыны атап өтілді.

Сөз соңында Жан Мұқанов соңғы бір жылда ауқымды жұмыс атқарылғанын айтып, қалыптасқан жағдайға өкініш білдірді. Ол Төреғали Төреәліге бұл кезеңнен сүрінбей өтіп, денсаулық пен күш-жігер тілейтінін жеткізді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 1