21.06.2026, 16:30

«Жарығым қара жамылды»: Нұрғали Нүсіпжанов жас әйелінің қайғысы туралы айтты

Фото: nurgali_nusipzhanov_official парақшасынан

"Жан-жарымның кішкентай жүрегіндегі үлкен қайғысы ұлғаймаса азаймай тұр…".

Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов өмірден өткен енесін еске алып, әлеуметтік желіде жүрек тебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесі Жадыраның анасынан айырылғанына жеті ай толғанын айтып, оның қайғысын өз көзімен көргенін жеткізді.

«Анасынан айырылған күнді сағатына, тіпті минут-секундына дейін есінен шығара алар емес… Жеті айдан бері солай… Жан-жарымның кішкентай жүрегіндегі үлкен қайғысы ұлғаймаса азаймай тұр…», – деп жазды әнші.

Нұрғали Нүсіпжанов марқұм ананың өмірден өткеніне жеті ай өтсе де, қызының жүрегіндегі сағыныштың басылмағанын айтып, ауыр қазаға мойынсұну қаншалық қиын екенін әсерлі сөздермен жеткізді.

«Ақ сүт берген асылынан айырылғалы жеті ай… Жарық дүниесін қара түнек алмастырғалы жеті ай… Алладан кейінгі жанашырын жоғалтқалы жеті ай… Айтып келмейтін ажалмен бетпе-бет жолыққалы жеті ай…», – деп жазды ол.

Әнші жазбасында Жадыраның анасын сағынған сәттерін, көңіліндегі мұңның әлі тарқамағанын баяндап, жақын адамынан айырылудың орны толмас қасірет екенін атап өтті. 

«Көкешім-ай, мен бұрын дәл осылай бақытсыз болмаған ем… Қара жерді басуға қаймығам, өйткені астында ата-анам жатыр ғой… Зар-мұңын күрсініске жеңдіргеніне жеті ай өтті…», – деп түйіндеді Нұрғали Нүсіпжанов.