22.06.2026, 10:20

«Жадырам Мейрамбекке хабарласқан»: Нұрғали Нүсіпжанов бір өлімнен қалғанын айтты

Коллаж: sn.kz

Өнер иесі кейінгі уақытта денсаулығына байланысты жансақтау бөліміне түсіп, күрделі ота жасалғанын айтып, сол сәтте жанынан табылған азаматтарға ризашылығын жеткізді.

Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов әлеуметтік желідегі парақшасында денсаулығына байланысты ауыр кезеңді бастан өткергенін айтып, өзіне қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. Өнер иесі өмірдің сынақтары, ата-анасына деген сағынышы мен ішкі жан дүниесіндегі толғанысын да жасырмады.

«Жер-жаһанда қанша миллиард адам болса, сонша миллиард тағдыр, сонша миллиард тарих бар… Жер әлемді мекен еткен жұмыр бастының бәрі құдіреті күшті Құдайдың жаратқан пендесіміз. Тіршілік – өмір бар жерде жеңіс пен жеңіліс, күнгей мен көлеңке, қуаныш пен қайғы, шаттық пен мұң қатар жүреді. Ол – өмірдің заңы. Пайғамбардан кейін ата-анамды пір тұттым. Екеуі де шариғат жолымен жүрді. Ескі заманның есті кісілері еді. Дала академиясының даналары болатын. Әке-шешемнің жалқы туған жалғызымын. Қарияларымның алдында қарыздар болып қалған адаммын. Өзекті өртеген өкініш-өксігім көп. Жалпақ жұртқа жария қыла алмайтын жан жарам Жаратқанға аян. Ащы көз жасымды терең тынысыммен тұншықтырғалы біраз уақыт өтті. Алдымнан тоқсан тоғыз кедергі кезіксе де үмітімді үзбедім. Алладан тілеген адаммын. Бәрін білсем де білмегендей, көзім көрсе де көрмегендей, жан-дүнием қанша сыздаса да сыр бермей, сан алуан сынақты көтеріп, ішімнен ғана сынып жүрмін», – деп жазды әнші.

Өнер иесі кейінгі уақытта денсаулығына байланысты жансақтау бөліміне түсіп, күрделі ота жасалғанын айтып, сол сәтте жанынан табылған азаматтарға ризашылығын жеткізді.

«Әке-шеше әруағының алдындағы өтпеген айыбым жүрекке жүк түсірді. Осыдан аз уақыт бұрын жансақтау бөліміне түстім, одан кейін ота жасалды. Жадырам жас қой, сындарлы сәтте шыр-пыр етіп Мейрамбек ағасына хабарласады. Былтыр Астанада алты ай төсек тартып жатқанымда да Мейрамбектің қамқорлығын көрдім. Айналайын, алты Алаштың бағына жаралған азамат қой Мейрамбек. Аз уақыттың ішінде “Жігіттер” тобының продюсері Ерғали Әбдірайымов, Қазақ радиосының бас редакторы Бақыт Жағыпаров, “Жас Алаштың” бас редакторы Ерік Рахым бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, шұғыл операция жасатуыма жан сала кіріскен көрінеді», – деді ол.

Сөз соңында әнші өзіне қолдау білдірген азаматтарға ақ батасын беріп, сахнаға қайта оралуды армандайтынын жеткізді.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Мәдениет пен әдебиеттің төңірегінде жүрген осы ұлдарыма әппақ басымды иіп, ел алдында, жұрт алдында алғыс-рақметімді айтқым келеді. Мейрамбек, Ерғали, Бақыт, Ерік, дүние тұрғанша тұрыңдар, құлындарым. Сағыныш болған сахнаммен қауышар сәтім туса, қабырғалы қазағымның алдында ақ маңдайларынан сүйіп, ақ батамды бергім келеді, алтындарым. Қазақи тәлім-тәрбиелеріңе тәнтімін. Жас жандарыңды Жаратқанға тапсырдым. Амандықтарың Аллаға аманат, айналайындар», – деп түйіндеді Нұрғали Нүсіпжанов.