Халқымды қайтадан қуантқым келеді.
Бала Жамбыл атымен танылған жас ақын Жамбыл Дүйсенов шығармашылыққа қайта оралатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ұзақ уақыт бойы көпшілік назарынан тыс қалған ақын әлеуметтік желіде жариялаған видеосында ел алдына қайта шығып, тың туындыларын оқырманға ұсынуға ниетті екенін айтты.
Жамбыл Дүйсеновтің сөзінше, соңғы уақытта АҚШ-та болған. Алайда ол Америкаға білім алуға бармағанын айтып, шетелге сапарының нақты мақсаты туралы кейінірек әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісетінін жеткізді.
«Халқымды қайтадан қуантқым келеді. Халқымның ықыласына бөленгім келеді. Халқымның жүрегінен орын тапқым келеді. Халықтың ықыласына бөленсем, мен үшін одан асқан бақыт та, марапат та жоқ. Қайтадан жарқ етіп шығамын. Халқыма уәде беремін», – деді ақын.
Оның айтуынша, алдағы уақытта телеарналарға қатысып, жаңа өлеңдерін оқып, шығармашылығын жаңа деңгейде жалғастыруды жоспарлап отыр.
Жас ақынның бұл мәлімдемесіне Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова да үн қатып, оған қолдау білдірді.
«Бала Жамбыл, ақын Жамбыл деп халықты сүйсінткен еді. Енді үлкен азамат болып, басынан өткен қиындықтарды еңсеріп, жаңа өлеңдерін халыққа ұсынуына тілектеспін», – деп жазды әнші.
Еске салайық, Жамбыл Дүйсенов көпшілікке «Бала Жамбыл» есімімен танылды. Ол төрт жасынан өлең шығарып, жеті жасынан бастап жыр кештерінде өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленген. Кезінде белгілі ақын Мұхтар Шаханов та оған ақ батасын берген болатын.