$ 480.72  548.07  6.14

«Құдағиымен келісіп алдық»: Алтынай Жорабаева қызының жасауы қандай болатынын айтты (ФОТО)

Алтынай Жорабаева тәтті шай барысында болашақ құдағиымен құдалық, той және қыздың жасауы жөнінде ортақ келісімге келгендерін айтты.

Фото: Instagram/altynaizhorabayeva
Фото: Instagram/altynaizhorabayeva

Әнші Алтынай Жорабаева қызын ұзатуға дайындықтың әлі толық басталмағанын айтып, болашақ құдағиымен жасауға қатысты қандай шешім қабылдағандарын бөлісті,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесінің айтуынша, 5 шілдеден кейін той қамына қызу кіріспек. Қыздың жасауы мен тойға қатысты негізгі мәселелерді алдағы жиырма күннің ішінде шешуді жоспарлап отыр. Әзірге тойға арналған киімдер де дайын емес екенін жасырмады.

«Алла қаласа, енді кірісемін. Дос-жаран, туған-туысым тұрғанда не қайғы, не мәселе?» – деді әнші.

Алтынай Жорабаева тәтті шай барысында болашақ құдағиымен құдалық, той және қыздың жасауы жөнінде ортақ келісімге келгендерін айтты.

«Болашақ құдағимен "киіт-миіт, бықи-тықи, ұсақ-түйек нәрселерді жасамай-ақ қоялық" деп келістік. Тек қажетті, маңызды дүниелерді ғана жасаймыз. Қыздың артынан баратын көрпе-төсек, сандық секілді заттар болмайды. Оның орнына өзіне күнделікті қажет болатын дүниелерді апарамыз деп шештік. Мата, киім сияқты қолдан қолға өтіп, ел аралап жүретін заттардан да бас тартуға келістік. Сондықтан көңілім тыныш», – деді ол.

Сондай-ақ әнші алда сырға салу мен қыз ұзату рәсімдеріне тыңғылықты дайындық қажет екенін айтты. Оның сөзінше, осы уақытқа дейін бұл мәселелерді ойлауға да жүрексініп келген. Ал дәстүр бойынша берілетін «тоғыздың» қандай болатынын енді ағайын-туыстарымен ақылдасып шешпек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0