09.07.2026, 17:20

«Жас әншіні аяусыз ұрған»: Мұқасан Шахзадаев қылмыстық істе куәгер болып шықты

Коллаж: Stan.kz

Сотталушы ретінде Мұқасан Шахзадаевтың әкімшісі Азамат Есеркенов көрсетілген.

Алматыда Ғалымжан Сүлейменді соққыға жығу дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс қаралып жатыр,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Іс материалдарына сәйкес, танымал әнші Мұқасан Шахзадаев бұл іс бойынша куә мәртебесіне ие.

Сот кабинетінде жарияланған ақпаратқа сәйкес, қылмыстық іс 2025 жылдың маусымында тіркелген. Істі Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында судья Бейнегүл Қайсина қарап жатыр. Ал сотталушы ретінде Мұқасан Шахзадаевтың әкімшісі Азамат Есеркенов көрсетілген.

Жәбірленуші Ғалымжан Сүлейменнің айтуынша, жанжал Мұқасан Шахзадаевтың бастамасымен туындаған. Оның сөзінше, әнші Сүлейменнің «Нұр-Мұқасан» тобының бұрынғы мүшесі Нұрлан Қонысбаевпен бірге жұмыс істегеніне наразылық білдірген.

Сот отырысында Ғалымжан Сүлеймен 2013–2016 жылдары «Нұр-Мұқасан» тобының арт-директоры болғанын, кейін Мұқасан Шахзадаев пен Нұрлан Қонысбаевтың қайтадан бірге сахнаға шығуына бастамашы болғанын айтты.

«2025 жылдың 19 қарашасында Мұқасан ағаның үйіне бардым. Ол маған агрессия танытып, балағат сөздер айтты. Кейін үйге кіріп, қойған сұрақтарына жауап бердім. Мұның бәріне іштарлық пен көре алмаушылық себеп болды деп ойлаймын», – деді Ғалымжан Сүлеймен сотта.

Еске салайық, 2025 жылдың қараша айында Мұқасан Шахзадаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған болатын. Полицияның мәліметінше, 22 қараша күні Ғалымжан Сүлеймен құқық қорғау органдарына жүгініп, өзін бірнеше адамның соққыға жыққанын мәлімдеген.