«Идеясы қызық болғанымен, қазақы дүниетанымға сай келмейді».
«Ирина Қайратовна» тобы жаңа альбомының таныстырылымын ерекше форматта өткізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Алайда концерт барысында көрсетілген сахналық перформанс әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды.
Желіде тараған видеоларда топ мүшелерінің залдың ортасына жайылған ұзын дастарханның үстімен жүріп, сол жерде өнер көрсеткені көрінеді. Өнерпаздар мұны шығармашылық қойылым ретінде ұсынғанымен, көрініс көпшіліктің көңілінен шыға қойған жоқ.
Әлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі қазақ халқының танымында дастарханның қасиетті ұғым саналатынын алға тартып, мұндай әрекетті құптамайтынын жазды. Олардың пікірінше, дастархан – тек ас ішетін орын ғана емес, береке мен қонақжайлықтың, отбасы құндылықтарының белгісі.
Сол себепті кейбір желі қолданушылары бұл қойылымды ұлттық дәстүрге қайшы деп бағаласа, енді бір бөлігі оны өнердегі эксперимент пен шығармашылық ізденістің көрінісі ретінде қабылдады. Соған қарамастан, перформанс қоғамда түрлі көзқарас туғызып, кеңінен талқыланды.
Пікір қалдырғандардың арасында «Дастарханның үстіне шығу дұрыс емес», «Идеясы қызық болғанымен, қазақы дүниетанымға сай келмейді», «Өнер мен ұлттық құндылықтың аражігін ажырату керек» деген жазбалар жиі кездеседі.
Айта кетейік, «Ирина Қайратовна» тобы тың музыкалық жобалары мен ерекше шығармашылық стилімен танымал. Сондай-ақ жуырда топ мүшелерінің бірі Азамат Марклен Respublica партиясынан Ұлттық құрылтай құрамына кандидат ретінде ұсынылған болатын. Ол медиапродюсер әрі Producer Media компаниясының негізін қалаушылардың бірі ретінде белгілі.