Оның айтуынша, енді Бағдагүл әлеуметтік желідегі емес, соттағы жауапкершілік аясында өз сөздеріне жауап береді.
Тележүргізуші Динара Сәтжан әлеуметтік желіде өзін қорлап, ар-намысына тиетін мәлімдемелер жасаған ақтөбелік блогерге қатысты сотқа талап арыз түсіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, Бағдагүл есімімен танылған блогер бұған дейін әлеуметтік желілерде тележүргізушінің жеке басына қатысты балағат сөздер айтып, түрлі айыптаулар жасаған. Осыдан кейін Динара Сәтжан мен продюсер Баян Алагөзова Instagram парақшаларында жазба жариялап, блогерді жалған ақпарат таратып, заң талаптарын бұзды деп айыптаған.
Тележүргізушінің сөзінше, аталған іске байланысты сотқа бір ай бұрын талап арыз берілген. Ал бүгін Астанада осы іс бойынша алғашқы сот отырысы өткен.
«Сөз бостандығы – өз пікіріңді айту құқығы ғана емес, сол сөз үшін жауапкершілік те. Ешкімнің ар-намысына тиіп, қорлауға ешкімнің құқығы жоқ. Сондықтан бұл мәселені заң аясында шешуді жөн көрдім», – деді Динара Сәтжан.
Оның айтуынша, енді Бағдагүл әлеуметтік желідегі емес, соттағы жауапкершілік аясында өз сөздеріне жауап береді.
Еске салайық, бұған дейін Динара Сәтжан ақтөбелік блогердің TikTok пен Instagram желілерінде ақылы бата беріп, «қасиетті заттар» мен биологиялық белсенді қоспаларды (БАД) сатумен айналысатынын айтып, осы мәселеге байланысты Ақтөбе облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне ресми сұрау жолдаған еді.