$ 467.65  533.26  5.96

«Қыз туатын қатын менде ғана ма?»: Жасұлан Базарбаев маңызды тақырыпты көтерді

Әншінің айтуынша, ол желіден «Қыз туатын қатын менде ғана ма?» деген пікірді көріп, осы мәселеге қатысты үн қатуды жөн санаған.

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

«Диета KZ» тобының солисі Жасұлан Базарбаев әлеуметтік желіде қыз бала дүниеге әкелген аналарды кінәлайтын пікірлерге қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әншінің айтуынша, ол желіден «Қыз туатын қатын менде ғана ма?» деген пікірді көріп, осы мәселеге қатысты үн қатуды жөн санаған.

«Ана болу – оңай емес. Әйел адам тоғыз ай сәби көтеріп, өмір мен өлімнің арасында жүріп дүниеге бала әкеледі. Сондай жанға ұл не қыз туғаны үшін кінә арту – адамдыққа да, иманға да сыймайды», – деп жазды Жасұлан Базарбаев.

Өнер иесі баланың ұл немесе қыз болып дүниеге келуін адамның емес, Алланың қалауымен болатын іс екенін атап өтті.

«Қыз бергеніне де сансыз шүкір, ұл бергеніне де сансыз шүкір. Жақсылықты ұлдан көресің немесе қыздан көресің деп ешкім кесіп айта алмайды. Оны бір Алла ғана біледі», – деді әнші.

Сондай-ақ ол әр баланың отбасындағы орны ерекше екенін айтып, ұл мен қызды бір-бірінен артық көруге болмайтынын жеткізді.

«Сондықтан әйелді кінәлауды доғарайық. Баланың жынысына бола ана жүрегін жараламаңыздар. Ең үлкен байлық – тәрбиелі, иманды, аман-есен перзент. Ұл болсын, қыз болсын… Аман болсын!», – деп түйіндеді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0