Дариға Бадықова алғашқы жүктілік сәтсіз аяқталғанын, алайда дәрігерлер емдеуді тоқтатпай, отбасыға қолдау көрсетуді жалғастырғанын айтты.
Қазақстандық актриса әрі продюсер Дариға Бадықова әлеуметтік желіде көпшілікті қуантқан жаңалығын бөлісті. Өнер иесі өзінің қолдауымен бір отбасының көптен күткен сәби сүйгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Актрисаның айтуынша, 2025 жылы ол «Мәриям» қорына хабарласып, есту қабілеті төмен әрі сөйлеу мүмкіндігі шектеулі ерлі-зайыптылардың ата-ана атануына көмектесуді қолға алған.
Дариға Бадықова алғашқы жүктілік сәтсіз аяқталғанын, алайда дәрігерлер емдеуді тоқтатпай, отбасыға қолдау көрсетуді жалғастырғанын айтты.
«Алғашқы жүктілік түсікпен аяқталды. Бірақ дәрігерлер үміт үзген жоқ. Бар күшін салып, емдеді. Бесінші эмбрион көшіруден кейін жүктілік сәтті болды. Міне, бір отбасы сәби сүйіп отыр. Шүкір!», – деп жазды актриса.
Өнер иесі бұл жаңалықтың өзін ерекше қуантқанын айтып, ерлі-зайыптылардың арманының орындалуына үлес қосқан дәрігерлерге алғыс білдірді.
Сонымен қатар Дариға Бадықова бала сүюді армандаған отбасыларға қолдау көрсету үшін «Мәриям» қорына тұрақты түрде садақа аударып тұратынын жеткізді.
«Балалы болуды армандаған жандарға аз да болса көмегім тисін деймін. Жақсы адамдардың жүзінен қуаныш кетпесін. Жұғысты болсын!», – деп жазды актриса.