Белгілі әнші Нұрғали Нүсіпжанов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында ыстық ықыласын білдіретін ерекше жазба жариялап, ақын Бақыт Беделханға алғысын білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
"АДАМДАРДЫҢ АРАСЫНДА ЖАНЫМА ЕҢ ЖАҚЫНЫ АҚЫНДАР…
Алатаудың екі шыңындай егіз тұлға,ақиық ақын Мұқағали Аға мен қадыр тұтар қасиеттім Нұрғиса Тілендиевті бір-бірімен таныстырып,табыстыру бақыты пешенеме жазылған қазақпын…
Өнер өлкесіндегі бақытымның бастауы да тарлан таланттардың төл туындылары,өміріме өзек болған да біртуар ұлдардың шынардай биік шығармалары…
Ата-ана,атамекен-ақ мекен тақырыбында осы кісілердің сиясы кеппеген дүниелерінің кіндігін кесіп,ән-жырларын талғамы биік тыңдарманға жеткізген кездерімді ат басындай алтынға айырбастамайтын адаммын…
Үлкендерден ауысқан кішілікті,
Үлкендердің өзіне сыйға берем,—деп жазған ұлы Мұқаң менің пір тұтар ақыным.
Алланың құдіретімен нақ сол Мұқағалидың елінен, Мұқағалидың жерінен түлеп ұшқан Бақыт Беделхан бауырымның жазғандары жанымды толғандырып,жүрегімді тербейді.
Ағаларымды сағынсам Қарасаз жаққа қараймын, Ұзынағаш та көзіме оттай ыстық көрінеді.
Қасиетті қазақтың қара өлеңін,шекпен жауып өзіне қайтарған қайран Мұқағали аға мен өнердің киесі Нұр Ағамның қосылып жазған саф алтын,асыл дүниелерінің тұңғыш орындаушысы болған өмір,тағдырыма басымды идім", -деп жазды Нұрғали Нүсіпжанов.