"Әзілхан Нұршайықовтың сөзіне сүйендік".
Әнші Әділет Жауғашар әлеуметтік желіде сынның астында қалған «Сүй иә» әніне қатысты алғаш рет пікір білдіріп, тыңдармандардан кешірім сұрады. Өнер иесі көпшіліктің наразылығын ескеріп, аталған туындыны бұдан былай орындамайтынын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әділет Жауғашардың айтуынша, ән жазылған кезде авторлар жазушы Әзілхан Нұршайықовтың сөзіне сүйенген. Алайда сол кезеңдегі қоғамдық көзқарас пен қазіргі қоғамның құндылықтары арасында үлкен айырмашылық барын ескермегендерін мойындады.
«Құрметті тыңдармандар, әлеуметтік желіде өзіме қатысты айтылып жатқан пікірлерді көріп, оқыдым. «Сүй иә» әнін жазғанда Әзілхан Нұршайықовтың сөзіне сүйендік. Бірақ ол кісі өмір сүрген қоғам мен қазіргі қоғамның айырмашылығын ескермеппіз. Бұл әннің көптің көңіліне тиетінін ойламадық. Өзім де зорлық-зомбылыққа қарсымын. Оның үстіне әкеммен емес, анамның тәрбиесінде өстім. Егер бұл ән сіздердің көңілдеріңізден шықпаса, енді оны орындамаймын. Баршаңыздан кешірім сұраймын. Сұлудың «жоқ» дегені – жоқ», – деді әнші.
Еске салайық, «Сүй иә» әніндегі «Сұлудың "жоқ" дегені – "иә", жоқ деуге келтірмеші сия» деген жолдар әлеуметтік желіде кеңінен талқыланған болатын. Көпшілік бұл сөздерді келісімсіз қарым-қатынасты ақтайтын және зорлық-зомбылықты насихаттайтын мазмұн ретінде бағалап, әнді қатаң сынға алған еді.