"Барлық жағдайды жасап, Айнараны абыройымен ұзатуға бар күшін салды".
Әнші Алтынай Жорабаева әлеуметтік желідегі парақшасында жолдасы Әлішердің қызы Айнараның ұзату тойына өзі қатыспауының себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесінің айтуынша, бұған қайғылы жағдай себеп болған.
«Жарты жыл бұрын қайын інім, Әлішердің бауыры кенеттен өмірден өтті. Сол қайғылы жағдайдан кейін Әлішер жақта бір жыл бойы аза тұтып, той-думанға қатыспау дәстүрі бар. Сондықтан Әлішер: “Мен тойға қатыса алмаймын. Бірақ қызымыз Айнараның ұзатуын кейінге қалдырмайық. Құдаларды күтейік, есік-төрімізді көрсетейік. Өзім қарсы алып, танысып, қонақ қыламын”, – деді», – деп жазды әнші.
Сонымен қатар Алтынай Жорабаева жолдасының тойдың барлық дайындығына белсенді араласқанын айтып, оған алғысын білдірді.
«Осы тойдың әрбір дайындығының басы-қасында жүрген де, бар жауапкершілігін көтерген де – Әлішер. Барлық жағдайды жасап, Айнараны абыройымен ұзатуға бар күшін салды. Сол үшін саған алғысым шексіз, Әлішерім. Алла қаласа, алда әлі талай қуанышымыз бар. Тұрмыс құрмаған төрт қызымыздың да тойын амандықпен бірге қарсы алып, бірге атап өтуді Алла нәсіп етсін. Әмин», – деп жазды өнер иесі.